Хабар телеарнасы

Атырауда жаңа жылдан бастап күнделікті тұтынатын арзан азық-түлік өнімдері сатылымға шығарыла бастады

Алайда, ол базарлардағы басқа сатушылардың ренішін туғызып отыр. Олар қасынан пайда болған мықты бәскелеске төтеп бере алмай, пайдадан қағылады екен. Сол себепті сатушылар мен қоғамдық тамақтандыру мекемлерінің иелері әкімдік ұйымдастырған сауда нүктесін жағалайды. Бірақ қарапайым тұтынушыға арналған арзан тағам түрлері барлығына бірдей жетпей жатыр. Базар саудагерлері жыл басынан бері көтерме саудадағы тауарлар мен коммуналдық қызметтің бағасы күрт өскендігін айтады. Бұл жағдай қалыпқа түспесе, шағын бизнес өкілдерін тығырыққа тірейтін түрі бар.

Әкімдік ұйымдастырған сауда нүктесінде азық-түлік өте арзанға сатылып жатыр. Мысалы, мұнда 1 келі ет ­­­1855 теңге, 10 дана жұмыртқа 320 теңге, картоп 185 теңге. Басқа да азық-түлік бағалары нарықтан 33-35%-ке арзан. Осыны үнем көрген шағын бизнес өкілдері таң атпай әлеуметтік өнім сатылатын сөрелерді жағалайды. Бірақ шектеулі тауар барлығына жетпейді де, осы арадан дау туындайды.

Рима Наурышева, кәсіпкер:

- Бұл жерден бұрын қанша алғым келеді, сонша алып келдім. Мен кәсіпкермін. Өзімнің тамақ пісіретін шағын аспаздық жерім бар. Соған осы жерден алып келдім. Себебі базарда қымбат қой.

Әлеуметтік маңызы бар тағам түрлері  шектеулі көлемде ғана босатылады. Бір адамға 5 келі шамасында. Соның өзінде көптеген өнімдер түске дейін сатылып кетеді екен. Ал базарларда баға шарықтап тұр. Жаңа жылдан бастап Атырауда ет өнімдері 25%-ке, көкөніс пен макарон түрлері 17%-ке қымбаттады.

Райгүл Жарылғасынова, сатушы:

- Етті 2100 ден аламыз арадағы делдалдар бар, олар 50 теңгеден қосады. Сонда біз қаншадан сатамыз? Сойғанға 8 мың теңге, әкелгенге 4 мың теңге, соның бәрі шығын емес пе? Соның бәрін біз шығаруымыз керек.

Гүлшара Тілеуова, сатушы:

- Орынақы неге негізсіз өсе береді? Биыл 20 мың теңге қосылды. Бұрын айына 45 мың төлейтін едік. Қазір 65 мың болып кетті. Оның үстіне жарық бағасын көтеріп жіберді. Бұрын 9,3 мың еді, енді 15 мыңға жетті. Біз санауышпен емес, әрқайсымыз ток нүктесіне төлейміз. Бір адам 15 мың төлейді.

Бұл арадағы басты кілтипан монополист компаниялардың коммуналдық қызмет тарифын шектен тыс көтеріп жіберуінен туындап отыр. Осыдан келіп базарларда орынақы, басқа да алымдар өсіпті. 

Қадірғали Тұрғанов, базар басшысының міндетін атқарушы:

- Біз қараша айына 1,5 млн төлеп едік. Ал қаңтар айына 3 млн 955 мың теңге төледік. Өзіңіз есептеп қараңыз, қаншаға өскенін. Сондықтан оны жалға алушылардан өндіруге тура келеді. Одан басқа біз ештеңе төлей алмай қаламыз. Сондықтан барлық ауыртпашылық жеме-жемге келгенде кәсіпкерлерге түседі.

Бұл мәселеге құзырлы органдарар араласпаса, түйткілдің түйінін тарқату базар басшыларының қолынан келмейді.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов