Хабар телеарнасы

Алматы, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласына кіріп-шығу шектеледі

Алматы облысының коменданты ретінде облыстық Полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев тағайындалды. Еске салайық, бұған дейін төтенше жағдай тек Алматы шаһарының шеңберінде ғана болған еді. Енді Алматы, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласында бірқатар шектеулер күшіне енеді.

Атап айтсақ, өңірлерге кіріп-шығу шектеледі. Сондай-ақ түнгі сағат 23:00-ден таңғы 07:00-ге дейін коменданттық сағат болып жарияланады. Бұл уақытта жаяу және көлікпен жүруге шектеу қойылады. Аталған өңірлерде той және өзге де бұқаралық шаралар өткізуге, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді, улы заттарды сатуға болмайды. Ереуілдерге және кәсіпорындардың жұмысын тоқтатудың басқа әдістеріне тыйым салынады. Дәрі мен алкоголь айналымының ерекше режимі белгіленеді. Осы және өзге де шектеудің барлығы төтенше жағдай аяқталғанша, яғни қаңтардың 19-на дейін жалғасады.