Хабар телеарнасы

Ақтөбеде егемендік жылдары табылған ең құнды тарихи жәдігерлер көрмесі ашылды

«Тәуелсіздік – ел тілегі, Елбасы – ел тірегі» аталған экспозицияда өңірдің соңғы отыз жылда қол жеткізген жетістіктері де бар.

Сармат дәуірінде қазіргі Ақтөбе облысы төңірегінде өмір сүрген тайпа көсемінің мүсіні – жергілікті археолог мамандардың мақтанышы. Темір ауданының Тасқопа ауылы маңындағы қорымнан табылған «Алтын адам» терең зерттеліп, сұлбасы биыл сомдалды. Алтынмен апталған белбеулері мен бас киімі, темір қылышы мен жебелі садақ, қамшы сабы сияқты жеке бұйымдары дәл көшірмесін жасауға мүмкіндік берді.

Айбек Ертеміров, облыстық Тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі:

- 2019-2021 жылдары аралығындағы археологиялық қазба жұмыстары барысындағы орта ғасырларға жататыр құнды-құнды жәдігерлеріміз де, археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі де осы бүгінгі күнгі көрменің негізгі құнды құнды жәдігерлерінің бірі болып саналады.

Тарихшылардың айтуынша, соңғы екі жылда өңірде өткенді терең зерттеуге айтарлықтай жағдай жасалған. Темір ауданынан бөлек, Ойылдағы бірнеше қорым қазылып, облыс орталығының төңірегінен де көптеген құнды жәдігерлер табылыпты. Осылайша, тарихтың тұңғиығына көз жүгіртуге мемлекеттің жан-жақты қолдауы мүмкіндік берген.

Бұлбұл Елеусінова, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:

- Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барысында Ақтөбе өңірінде бұрын соңды болған тарихымызды, көне жәдігерлерімізді, елдің тарихи жерлерін зерттеуге, ата-бабалар, өңірде болған батырлардың рухына тағзым ету, ұлықтау бағытында көптеген шаралар атқарылды.

Өткен кезеңді зерттеп, болашақ ұрпаққа мирас етуді мойнына жүктеген жандардың еңбегі де аталып өтті. Археология мен тарих, мәдениет саласы майталмандарына мемлекеттік наградалар табысталды. Ал Қазақстан мен оның ішінде Ақтөбе облысы тарихының жәдігерлерінен жасақталған көрме есігі мереке күндері барлық көрермен үшін ашық болады. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов