Хабар телеарнасы

Алдағы уақытта тұтынушылар құқығын қорғау ережелері күшейтіледі

Тұтынушы құқығын қорғау – өркениетті елдің міндеті. Мұнсыз экономика дамымайды, мемлекет өркендемейді. «Ал жаңа заң саладағы олқылықтарды жоюға, тұтынушы мүддесін қорғауға ықпал етері сөзсіз», – дейді белгілі құқық қорғаушы Марат Бәшімов.

Марат Бәшімов, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры:

- Барлығымыз – тұтынушымыз. Тауар сатып аламыз, белгілі бір қызмет түрін қолданамыз. Тұтынушы құқығы – адам құқығы. Ал адам мүддесі әрқашан биік тұрады. Яғни бұл заңның мағынасы терең. Тұтынушы құқығын ескермейтін кәсіпкер кез келген өркениетті елде пайда емес, жеңіліс табады.

Заң жобасында тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктердің ұлттық қауымдастығын құру қарастырылған. Сонымен қатар тұтынушыларға құқықтық көмек көрсететін Омбудсмен институты құрылмақ.

Марат Бәшімов, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры:

- Кәсіпкерлердің де, тұтынушылардың құқығы қорғалуы тиіс. Осы ретте Ұлттық қауымдастықты құру ұсынылып отыр. Ол мемлекет пен азаматтық қоғам арасында көпір қызметін атқарады деуге болады. Бұл - «естуші мемлекет» қағидасының көрінісі. Ал арнайы уәкіл заңның тиімділігін бақылайды, орындалуын қадағалайды. Сонымен қатар тұтынушылардың білімін жетілдіру ісіне де көңіл бөлінеді.

Елімізде электрондық сауда үлесі жыл сайын артып келеді. Сол себепті бұл жүйені реттеуге де назар аударылып отыр. Жалпы осы түзетулерді әзірлеу кезінде АҚШ, Канада, Түркия, Жапония, Норвегия сияқты елдердің тәжірибесі зерттеліп, қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары ескерілген.

Авторы: Меруерт Жақан