Хабар телеарнасы

Семей полигоны: сынақтан зардап шеккен жердің 50% қауіпсіз

Жарылыстан зардап шеккен аумақта күні бүгінге дейін екі мыңға жуық ғалым кешенді экологиялық зерттеу жүргізді. Ғылыми жұмыстар 18 мыңнан астам шаршы шақырым жерді қамтыған. Мамандар ластанған аймақтың қазір тең жартысы қауіпсіз екенін айтып отыр.

Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы – өткен ғасырдағы әлемдік маңызды оқиғалардың бірі. Ол кезеңде еліміздің алдына қойылған мақсат аумақтағы инфрақұрылымды жою, әскери өнеркәсіптік кешенді конверсиялау және ғылыми әлеуетті бейбіт мақсаттарға пайдалану болды.

Эрлан Батырбеков, ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры:

- Біз сол кезеңдегі негізгі мақсат-міндеттерді толыққанды орындадық. Ал радиологиялық зерттеу туралы айтар болсақ, ол ауқымды жұмысты талап етті. 18 мың шаршы шақырымнан астам жер зерттелді. Алайда ол аумақтың кей бөлігі ядродан мүлде зардап шекпеген. Сынақтың салдары байқалған жоқ.

Ең көп зардап шеккен аумақ «Тәжірибе алаңы» деп аталады. Бұл жерде 116 рет жарылыс болды. Соның ішінде отызы жерүсті, ал қалғанының бәрі атмосфералық сынаққа жатады. Ғалымдар төңіректі 14 секторға бөлді. Алғаш ядролық бомба түскен жер әлі күнге терең шұңқыр күйінде жатыр. Жарылыс қуаты 22 килотоннаға дейін жеткен. Арада отыз жыл өтсе де, қауіптің беті сейіле қойған жоқ.

Константин Томилов, Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының ғылыми қызметкері:

- Көріп тұрғанымыздай, жарылыстан көпірлер қирап, ондаған метрге дейін ұшып кеткен. Одан бері ұзақ жыл өтті. Алайда әлі күнге дейін жоғары радиациялық фон бар. Сондықтан бұл жерде көп кідіруге болмайды.

30 жыл бойы жүргізілген зерттеулер нәтижесінде ғалымдар ядролық сынақтан зардап шеккен жердің қазір 50% қауіпсіз деген тоқтамға келді.

Эрлан Батырбеков, ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры:

- Ластанған аумақтың тең жартысы қазір таза. Бұл – қуантарлық нәтиже. Біз тиісті жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз. Ендігі міндет – полигон аумағын тұтастай ядролық қауіпсіз аймаққа айналдыру.

Биыл тарихи шешімнің 30 жылдығы қарсаңында «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау жоспарланған.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Медет Өмірханов