Хабар телеарнасы

Инфекциялық ауруханалардағы науқастардың 99% екпе алмаған

Дәрігерлер болса: «Вакцина алған науқастар арасында аурудың күрделі формасы кездеспейді», - деп отыр.

Қазір Қарағанды облысында коронавирусқа қарсы екпе салдыруға ниеттілердің саны артып келеді. Жүзге жуық егу орталықтарына тәулігіне кемі 8 мың адам келетін көрінеді. Қазір екпенің алғашқы бөлігімен 330 мың адам қамтылса, 176 мың адам қос компонентті де салдырғандар санатында. Десе де ұжымдық иммунитет қалыптастыруға бұл көрсеткіш жеткіліксіз.

Юрий Залыгин, Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

- Еңбекке қабілетті адамдар арасында індеттің асқынғанын байқап отырмыз. Дельта штамының жұғуы тез. Салдарынан соңғы уақыттарда облыс бойынша тәулігіне 600 адамға дейін ауру жұқтыруда. Клиникалық тұрғыда аса ауыр хәлде жатқандар да – вирустың осы түрін жұқтырғандар. 

Дәрігерлер вакцинадан кейін пайда болған иммунитет вирустың жаңа агрессивті мутациясымен күресуге қауқарлы екенін айтады. Ал адам ағзасындағы нағыз мықты антидене вакцинаның екінші компонентін алғаннан кейін тек 3 аптадан соң толық пайда болады.

Шынар Әуесбаева, дәрігер-инфекционист:

- Неғұрлым көп адам вакцина алса, соғұрлым аурушаңдық төмендейді. Вакцина төңірегіндегі жалған ақпарат, яғни вакцина ДНК-геномына кіріп мутациялық өзгеріс жасайды деген шындыққа сәйкес келмейді. Сондай-ақ әйелдер арасындағы бедеулікке алып келеді деген де шындыққа сәйкес келмейді.

Қарағанды облысының қызыл аймақта тұрғанына үш апта болды. Күніне 500-ден астам жаңа инфекция тіркеледі. Коронавируске қарсы госпитальдар 40% толған, 80 адам жансақтау бөлімінде  жатыр.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев