Хабар телеарнасы

ШҚО-да гидроэлектр станциясын салған жұмысшылар еңбекақыларын ала алмай жүр

Алтай ауданында бой көтерген стратегиялық нысанның құрылысына негізінен жергілікті тұрғындар тартылған. Мердігер компанияның жұмысшыларға 8 миллион теңге берешегі бар.

Тіпті зейнетақы қоры мен медициналық сақтандыру сияқты әлеуметтік төлемдерге 20 миллионнан астам теңге аударылмаған. Жалақы дауы былтыр басталған еді. Сол кезде 160 адам біздің арнаға шағымын айтқан. Эфирден материал өткен соң, құрылтайшы еңбекақының төленетінін хабарлады. Алайда жұмысшылар әлі жалақысын алмаған.

«Тұрғысын» гидроэлектр станциясы құрылысын салып жатқан әрбір жұмысшы қазір еңбекақы мен зейнетақыға қатысты есеп жазылған құжат құшақтап жүр. Барлығы – Алтай ауданының халқы. Көбі гидротехникалық нысанның құрылысы басталған күннен бері жұмыс істеген. Алайда жұмысшылардың көбі былтырдан бергі еңбекақыларын даулап жүр.

Виктор Сеитов, Алтай ауданының тұрғыны:

- Мені ақысыз демалысқа жіберді. Қазір ақшасыз қалдым. Ал зейнетақы қорыма ақша аударылмаған.

Зейнетақы қорына қаржы аударылмаса да, зейнет жасына жеткен жұмысшылар бар. Олар енді құжат арқалап, құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып жүр.

Валерий Суружев, Алтай ауданының тұрғыны:

- Бір жыл бойы еңбекақымнан медициналық сақтандыру мен зейнетақы қорына қаржы ұстап келген. Бірақ, шын мәнінде, ол есепшотқа 1 теңге түспеген. Енді осының кесірінен мені қазір ешбір аурухана қабылдамайды.

Алты жыл бұрын басталған «Тұрғысын» гидроэлектр станциясының құрылысы қазір 90% біткен. Оны салуға негізгі мердігер Алтай ауданындағы басқа да компанияларды жұмысқа тартқан. Олар да бір жылға жуық ақшасын ала алмай жүр. Жұмысшыларымен өз техникаларын сатып есеп айырысқан. Ал кейбір кәсіпкерлер банкрот болған.

Сергей Геливеров, кәсіпкер:

- Бүгінде бізге 7 миллион 201 мың теңге қарыз, бірақ әлі төлеген жоқ. Өте қиын жағдайға түсіп қалдық, себебі ақша жоқ. Жұмысшылар алдындағы берешектен құтылу үшін компанияны жаптық, техниканы саттық.

Алтай аудандық еңбек инспекторы жалақыға қатысты ешбір жұмысшы арыз-шағым жазбағанын айтады. Бірақ мердігердің еңбекақы мен міндетті әлеуметтік төлемдерге қатысты қордаланған мәселесі бар екенін анықтаған. Соңғы екі жылда мердігер компания 150 адамның зейнетақы қорына бір тиын да аудармаған.

Нұрсұлтан Слямов, Алтай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы:

- Зейнетақы қорына 18 миллион 200 мың теңге қарыз, әлеуметтік аударымдар бойынша 920 мың қарыз. Медициналық аударымдар бойынша 3 миллион 400 мың теңге қарыз. Соған байланысты банктік шоттарында шығыс операциялары тоқтатылып, инкассалық тапсырыс берілді. Әр салымшының ЖСН-ы бар тізім банкке жіберілді.

Еңбекақы қарызы мердігер компания есепшотына қаражат түссе ғана төленбек. Ал ГЭС-ті салу кезінде қосалқы мердігер ретінде жұмыс істеген кәсіпкерлердің қаржылық жағдайы қалай болатынын ешкім айта алмайды.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин