Хабар телеарнасы

Петропавлда дәмханадағы өртке байланысты қылмыстық іс қозғалды

Қазір арнайы комиссия құрылып, тексеріс басталып кетті. Өкініштісі, төтенше жағдай кезінде екі адам опат болды. Үш адамның жағдайы ауыр. Тағы сегіз адам ауруханада жатыр.

Бес қабатты тұрғын үйдің жанына жапсарлата орналасқан дәмханада күні кеше өрт шығып, газ баллоны жарылды. Салдарынан мына қабырғаның күл талқаны шығып, опырылып құлаған. Өрт үшінші қабатқа дейін көтерілген. Ал қазір бұл жерде алты құрылыс компаниясының мамандары жұмыс істеп жатыр.

Оқиға орнынан құтқарушылар 120 адамды эвакуациялады. Түрлі дене жарақатын алған 17 азамат бірден жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілді. Қазір оның сегізі ем қабылдап жатыр, қалғандары үйлеріне жіберілген. Үш науқастың жағдайы ауыр, жан сақтау бөлімінде. Өкініштісі сол, екі адам қаза тапты. Олар – 24 жастағы дәмхананы жалға алушы мен қызметкері.

Лариса Бозина, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Сыртқы киімді іле салып, далаға атып шықтық. Киетін киімім болмаған соң, жұмысқа да барған жоқпын. Қазір құрбымның үйіндемін. Енді не боларын білмеймін.

Бүгінде тұрғындардың көбі туған-туыстарын паналауда. Баратын жері жоқтары жергілікті оқу ордасынының жатақханасына жайғастырылды. Зардап шеккендерге көмек көрсетем дегендерге қор ашылды.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Газ баллоны 3:50-де жарылды. Қазір міне мамандар үйінділерді шығарып жатыр. Жергілікті билік өкілдерінің айтуы бойынша, бірінші кезекте, арнайы комиссия үйдің апатты ма, жоқ па екенін анықтайды. Одан соң жергілікті қазынадан қаржы бөлініп, баспаналар қайта қалпына келтірілетін болады.

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

- Пәтер иелеріне қаржылай көмек жасалады және де осы ғимаратты толығымен қалпына келтіру үшін қаланың бюджетінен тиісті қаражат бөлініп, толығымен жөндейтін боламыз. Мұндай оқиғаларды болашақта болдырмау үшін тиісті комиссия құрылып, осы көпқабатты үйлердің бірінші қабатына орналасқан кафелердің барлығын тексеретін боламыз.

Бес қабаттан тұратын жатақхана 1971 жылы тұрғызылған. Онда 109 бөлме бар. Үйге газ тартылмаған соң, тұрғындардың барлығы баллонды пайдаланады. Қазір бұл ғимаратқа техникалық сараптама жасалып жатыр. Ал аталған төтенше жағдайға балайнысты қылмыстық іс қозғалды.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев