Хабар телеарнасы

Кәмелеттік жасқа толмағандардың ісін тергеуде әйелдердің орны бөлек

Мәселен, Ертіс өңірінің полицейлері кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстарды тергеу әдістерін дамытып жатыр.

Мақсат – жәбір көрген балалардың ой-санасын бұзбай, тергеуді сапалы жүргізу. Ең бастысы, кінәлілерді жауапқа тарту. Осы бағытта облыстың әр полиция құрылымында балаларға арналған бөлмелер ашылды. Қазір олардың саны 20-ға жетті.

Жауап алуға арналған кабинет жуырда ашылды. Жәбір көрген ұл-қыздар өздерін еркін ұстау үшін бұл кабинет үйдегідей жабдықталған. Жиһаз, ойыншықтар, тіпті қабырға қағазының түсі де ескерілген. Тағдырдың жазуымен қиын жағдайға тап болған 15 жастағы Диана да тергеушіге келіп, психологтардан кеңес алады.

Айжан, Диананың анасы:

 - Ата-ананың басына түскен қиын жағдайда психологтар көмек береді. Осындай кабинеттердің болғаны өте жақсы шешім деп ойлаймын. Қазіргі кезде өзім баламменен келіп жүрмін.

Балаларға қатысты зорлық-зомбылық деректерін тергеумен арнайы жедел топ айналысады. Барлығы дерлік – нәзік жандылар. Сала мамандарының айтуынша, кәмелеттік жасқа толмағандардың ісін тергеуде әйелдердің орны бөлек. Олар балаға табиғатынан жақын, қылмыстың бетін ашуда да аса жауапты.

Нұрзифа Түлүбаева, Жедел-тергеу тобының жетекшісі:

 - Өткен жылы кәмелеттік жасқа толмаған баланы зорлау фактісін тергедік. Павлодар облысының тұрғыны күдікке ілікті. Балаларға қатысты бірнеше қылмыс жасаған. Соттың шешімімен ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл – соңғы 21 жылда болмаған жағдай. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Жаңадан құрылған жедел топтың құрамында 18 тергеуші әйел бар. Кәмелеттік жасқа толмағандардың ісін тергеудің сапасын арттыру үшін 20 балалар бөлмесі ашылды. Өткен жылы балаларға қатысты 136 қылмыс тіркелген. Былтырғы қаңтар айында 12 дерек, ал биылғы жылдың алғашқы айында алты факті анықталды.

Рашад Өтеуов, Облыстық ПД бастығының орынбасары:

 - Әйел тергеушілер балалармен жақсы жұмыс істейді. Әсіресе зәбір көрген ұл-қыздармен тез тіл табысып, қылмыстық істі ашуға қажет деректерді анықтайды. Мамандандырылған бөлмелердің де тиімділігі бар. Оны тәжірибе көрсетті. Бұл бағытта жұмыстар жалғасын табады.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Жаңа жүйе бойынша жұмыс істеу үшін мамандар үздіксіз білім алулары шарт. Оларға қолайлы жағдай жасау мақсатында осындай криминалистік-тергеу полигоны құрылды. Мәселен, бұл жерде өткен ауыр қылмыс барынша шынайы көрсетілген. Мамандардың айтуынша, бұл – ауыр істердің бетін ашудың ең тиімді жолы.

Облыс бойынша полиция құрылымдарында 200-ге жуық тергеуші бар. Олардың 80-нен астамы – әйелдер. Мамандар білімдерін шыңдау үшін оқу курстарына тұрақты қатысады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Жеңіс Темірболат