Хабар телеарнасы

Қалың қардан Өскемендегі қозғалыс қиындады

Қоғамдық көліктер кестеден шығып, кейбір тұрғындар жұмыстан кешікті. Қарды шығаруға шаһардағы барлық коммуналдық мекеменің техникасы жұмылса да, үлгермей жатыр.

Шығыста қараша мен желтоқсан және қаңтарда қар көп жауған жоқ. Сондықтан коммуналдық мекемелердің жұмысы да қауырт болмады. Тек қаңтардың алғашқы аптасында сақылдаған сары аяз қысса, енді міне ақпан ақ қармен басталды. Кешелі-бері тоқтаусыз жауғандықтан, қаладағы кейбір шеткі шағын аудандарда мүлде жол жоқ. Жеке көліктердің көбі орнынан қозғалмай, оппа қарға батып  жатыр.

Олжас Керейхан, тілші:

 -Орталық көшелерді айтпағанда, мынадай жалғыз аяқ жолдарда қарға адым қиындап кетті. Сондықтан өскемендіктердің бүгінгі жұмысы қар күреуден басталды. Ал ауа райын болжау орталығы мамандарының мәліметі бойынша кешеден бері аймақта 30 сантиметрге жуық қар жауған. 

«Жауған қарды шығаруға жолдың тазалығына жауапты коммуналдық мекеменің барлық техникасы мен жұмысшысы толық жұмылдырылды. Алайда жұмыс мардымсыз», – дейді тұрғындар.

Блиц: 

 -Бірінші кезекте аялдамаларды тазаласа, дұрыс болар еді? Таңертең балалар сабаққа барады. Қар көп жауғандықтан, үлгермей жатқан болу керек? Аулалардың бәрінде машина шыға алмай жатыр. 

Қалың қарды шығаруға  жеке кәсіпорындардың  да  техникасы тартылып жатыр. Қазір қала бойынша жалпы 120 техника жол бойында жүрсе, 85 техника коммуналдық мекемеге тиесілі. 13 автогрейд бар. Ал 150 жұмысшы екі ауысыммен қар күреп жүр. Жолды қыста күтіп ұстауға тек биыл қала қазынасынан 760 миллион теңге бөлінген. Бүгінге дейін шаһардан 50 мың  текше метр қар шығарылған. 

Тимур Екібасов, коммуналдық мекеме жетекшісі:

-Кеше кешкі  тоғыз жарымда басталды. Міне, қазір түс уақыты қар әлі жауып тұр. 12 сағаттан астам қар тоқтамай жауып тұр. Бізде екі бригада түнгі, сосын күндізгі бар.  

Коммуналдық сала мамандары әлі де бел жазатын түрі жоқ. Өйткені ауа райын болжау орталығының мәліметі көңіл көншітпей тұр.

Гүлнұр Ерланова, Облыстық Қазгидромет орталығының байланыс операторы:

-Алтыншы-жетінші ақпанда облыс бойынша ауа райы жауын-шашынды, сулы қар, бұрқасын көктайғақ, тұман күтіледі. Желдің  екпіні секундына 20-23 метрге дейін жетеді.

Алғашқы аптасы ақ қармен басталған ақпанның екінші онкүндігі арқыраған боран келеді. Сондықтан біздің жақтағы қысы ұзақ.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин