Хабар телеарнасы

Екібастұзда коммуналдық жүйелердің 85% тозған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында дәл осы Екібастұз сияқты моноқалаларды дамытудың орта мерзімді стратегиясының керектігі туралы айтқан болатын.

Өткен жылы жаңа шағын аудандағы үш үйдің жертөлесі кәріз суына толды. Үш жыл бұрын қолданысқа берілген баспана орталық жүйеге қосылмаған болып шықты.

Ал бүгінгі мәселе – коммуналдық жүйелердің 85% ескіруі. Жергілікті билік жылу желілерінің тозуына монополист ұйым жауапты екенін айтты.

Ардақ Қаңтарбаев, Екібастұз қаласының әкімі:

-Жекеменшік ұйым желілерді күтіп-ұстау мәселесіне баса мән бермей келеді.  Жылу жетіспеушілігі болды. Мәселе жедел түрде шешілді.

Жауыр болған осы мәселе жаңа шағын аудандарда туындамауы тиіс..

Ақмарал Есімханова, тілші:

-Екібастұз өңірінде жаппай тұрғын үй құрылысы соңғы екі жылда қарқын алды. Биыл екі бірдей шағын ауданның құрылысы аяқталуға жақын. Өткен жылы 500-ге жуық пәтер қолданысқа берілсе, осы жылы көрсеткіш 60 мың шаршы метрден аспақ. Бұл соңғы 15 жылда болмаған көрсеткіш.

Төртінші санатты үйлер кезекте тұрған азаматтарға арналған. Басты мақсат – өндірістік өлкенің кадрлық әлеуетін жоғалтып алмау үшін мамандарды пәтермен қамту. Бүгінде пәтер кезегінде бес мың азамат тұр. Теміржол дөңгелектерін шығаратын зауыт екі жыл бұрын іске қосылды. Өткен жылы 160 мың дөңгелек өндірілсе, биыл меже – 300 мың.

Тимур Тұрсынбаев, бас инженердің өндіріс жөніндегі орынбасары:

-Зауытта 750 адам еңбек етеді. Маман тапшылығы, әрине, бар. Негізінен жаңа мамандық иелері қажет.

Шағын қаланың кәсіби әлеуеті жоғары. Бұл жерде энергетика, тау-кен салаларының білікті мамандары шоғырланған. Бұл потенциалды сақтап, осыған дейін жинақталған кадрлық әлеуетті жоғалтуға жол бермеу керек. Сондықтан Екібастұзды дамытудың орта мерзімді стратегиясы қажет.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков