Хабар телеарнасы

Театр ғимаратын паналап жүрген балалар үйінің тәрбиеленушісі баспанаға қол жеткізе алмай келеді

Аула сыпырушы болып еңбек ететін ол 2016 жылдан бері тұл жетім ретінде пәтер кезегіне тұрған. Бірақ әлі күнге сол үйсіз күйі мен ашқұрсақ жағдайы өзгерген жоқ. 

Азиз он жылдан бері осында күнелтіп келеді. Ол театрда қойылым болған күні шымылдық жабылып, көрерменнің тарағанын асыға күтеді. Себебі Өзбек театрының залы оның жеке бөлмесі іспеттес. Жасы 30-ға келген балалар үйі тәрбиеленушісінің барар жері, басар тауы қалмаған. Оның бар мүлкі – киім-кешегі мен қолындағы ұялы телефоны. Жатып жастанар төсегінің өзін осындағы азаматтар алып беріпті.

Азиз балалар үйінен шыққан кезде бірден тұрғын үй кезегіне тұра алмапты. Себебі жалғыз қалған ол тиісті құжаттарды жинай алмаған. Тек 2016 жылдан бастап тұл жетім ретінде пәтер кезегіне іліккен. 

Азиз Қадыров, балалар үйінің түлегі:

-Маған қайырымды адамдар құжатымды жинауға көмек берді. Бір кездері осы баспаналы болсам деп «Нұр Отан» партиясына, басқа да есіктерді қақтым. Қаншама жылдар өтіп жатыр, менің мәселеме қанық қанша әкім ауысты. Әзірге ешкімнен ешқандай көмек жоқ пәтер бойынша.

Азизды театр ұжымы тұрмақ, «Сайрам» тұрғын алабындағы әрбір азамат таниды. Ауылдастары оның қилы тағдырынан да хабардар. Театрдың күзетшісі де, аула сыпырушы да өзі. Ер жігіт ешқашан жұмыстан бас тартқан емес. 

Комилжон Саитов, Қалалық өзбек драма театры директорының міндетін атқарушы:

 -Интернаттан шыққан бойы бұл бала көшеде жүр. Бұрын шайханада жатты, біреулердің квартирасында тұрды. Мына күннің суығында біз тоңып қалмасын деп театрдың бір шетінен жай беріп жатқызып отырғанымыз. Енді бұл адамгершіліктің ісі де. Үй кезегінде тұрған. Әлі де мұның кезегі келмей жатыр.

Шымкенттің тұрғын үй басқармасындағылар баспана кезегінде тұрған Азиз секілді балалар үйінің тәрбиеленушілері көп екенін айтады. Яғни өз пәтеріне қолы жетпей келе жатқан тек ол емес. Шымкентте Азизбен тағдырлас 1685 жетім бала бар.

Ғалымжан Төлепов, Қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы:

-Қадыров Азиз бізге 2016 жылы кезекке тұрған. Кезекке тұру барысында 1516 болып кезекке тіркелген болатын. Қазіргі таңда оның кезегі 656 тұр. Тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес, үй кезек реттілігімен беріледі. Бұл жерде кезекте болғаннан кейін, бір азамат екінші азаматтың алдына кезек ретті бұзып, алдына өту мүмкіндігі жоқ. Үй қалай беріледі ? Жетім балаларға яғни ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандарға берілетін әлеуметтік әлсіз топқа берілетін үйдің жалпы 20% міндетті түрде беріледі.

Нұрбек Байбосын, тілші:

-Расында да 2020 жылы 240 пәтер әлеуметтік әлсіз топқа қаралған болса, оның 48 жетім балаларға берілген. Ал биыл 298 пәтер әлеуметтік әлсіз топқа жоспарланса, оның 60 жетім балаларға тиесілі.

Азиздің бұл театрда қанша уақыт тұратыны өзіне де белгісіз. Ол өмірде көп нәрсеге қол жеткізуді армандайды. Азиз әкесін ешқашан көрген емес, тек анасы туралы естеліктер еміс-еміс есінде.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов