Хабар телеарнасы

Қоғамның барлық салаларында қазақ тілін қолдануды талап ететін уақыт келді

19 миллион халықтың ішінде қазақ ұлтының үлесі 78 процент екен. Бірақ осы басымдыққа қарамастан елімізде қазақша қызмет көрсетудің сапасы әлсіз екенін айтуымыз керек. Сондай-ақ осы отырыста аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдық округтердің табысы артатыны белгілі болды. Әрі бұдан былай жергілікті мәслихат сесссиясының төрағасы болмайды. Оның міндеті мәслихат хатшысына көшпек.

Бірлік Берікұлы, тілші:

-Бүгінгі таңда елімізде 19 млн адам бар. Оның 78 проценті – қазақ ұлты. Ал осы халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік қызметкерлер қазақ тілінде еркін сөйлеуі тиіс. Сөйлей алмаса, талап ету керек. Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Үкіметке осындай сауал жолдады. Оның айтуынша, Сыртқы істер саласының мамандары шет тілін ғана емес, өз тілімізді де білу міндетті. Сол себепті депутат мемлекеттік қызметшілер, сот және құқық қорғау органдары мен қызмет көрсету саласында жұмыс істеп жатқандарға мемлекеттік тілді білу стандартын енгізуді ұсынды. «Саладағы құжат айналымы да қазақша жүргізілгені жөн. Сондай-ақ тілдің экономикадағы қолданысын арттыру қажет», – деп есептейді Қазыбек Иса.

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қоғамның барлық салаларында қазақ тілін қолдануды талап етуге уақыт келді. Қазір халқымыз 19 миллионға, қазақ ұлты 78 процентке жетіп қалды. Ал сол халыққа қызмет көрсететіндердің мемлекеттік тілді білмеуі азаматтардың қызмет алу құқығын аяқасты етуде. Тәуелсіз қазақ елін аңсап келген миллионнан астам қандастарымыз бен ауылдағы миллиондаған қара көздеріміз жапа шегумен келеді.

Қазір тіл мен қатар баспана мәселесі де өзекті. Нақтыласақ, баспана бағасы бағынбай тұр. Былтыр тұрғын үй бағасы орташа есеппен алғанда 17,2 процентке қымбаттапты. Жаңадан салынған пәтер 5, ал қолданыстағы баспана құны 13,2 процентке өсті. Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамаловтың айтуынша, мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктердің пайдасы тек құрылыс компанияларына ғана тиіп жатыр. Ал қарапайым халық әлі күнге дейін қалаған баспанаға қол жеткізе алмай отыр. Осы орайда депутат баспана нарығын терең зерттеп, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу керектігін алға тартты. 

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Триллион теңге баспана нарығына жұмсалып жатыр. Бұл ретте құрылыс компаниялары алақандарын ысқылап отырғаны белгілі. Олар салынатын үйдің құрылыс сапасына емес, баспана бағасын қымбаттатуға жол берді. Себебі де белгілі. Қазір ел азаматтары зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға жұмсауға кірісті. Енді құрылыс компаниялары ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланып, бағаны шарықтатып жатыр.

Бірлік Берікұлы, тілші:

-Қазіргі уақытта әлеуметтік тұрғын үй кезегінде 540 мың азамат тұр. Құрылыс қарқыны ұлғайғанымен кезек азаяр емес. Керісінше, тізімдегі азаматтар саны көбейіп барады. Ал «5-10-20», Шаңырақ» бағдарламаларының шарттары көпбалалы, жалғыз басты ата-аналар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, жетім балаларға қолжетімсіз. Бұл ретте Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева, Асқар Маминнің атына сауал жолдады. Онда әлеуметтің әлсіз тобына жататын азаматтардың баспаналы болуын жеделдету әрі оңтайландыру тетіктері қамтылған.