Хабар телеарнасы

Алтай кербұғысының саны азайып барады

Жартылай тағы бұл жануардың басым бөлігі Қатонқарағай ауданында өсіріледі. Алайда соңғы жылдары ірі бірнеше шаруашылық қана қалған.

Басты себеп, марал өсіру өте көп шығын мен ерекше күтімді қажет етеді. 2019 жылға дейін бұл салаға да мемлекеттен субсидия төленіп келді. Қазір мүлде берілмейді.

Төрт түлікке қарағанда маралды бағып-қағуда ерекше жауапкершілік керек. Сондықтан маралшылар жыл он екі ай аттан түспейді. Балалық шағынан маралдың басы-қасында өскен Аманжол Аяғанов қазір бұл саланы 5 саусағындай біледі. Жеті жыл бұрын құрылған  шаруашылықтағы 300-ге жуық маралды 5 адам бағады. Қыста  қозықасы мен бұғысын аналық маралдан бөліп бағады.

Аманжол Аяғанов, бас маралшы:

-Бір қорада 50-ден артық бас ұстай алмайсың. Тамағы жайлы, сирек болса дұрыс жейді. Содан күтім жақсы болады. Мүйіз дұрыс шықпайды, күтпесең. Бәрі күтімге байланысты. Күтім керек.

Ерекше күтім жасау үшін маралшылар ала жаздай жем-шөп дайындап, қара күзде күйекке түскен соң, қоршауға кіргізеді. Ал қыста шөп салып, қолдан жем де береді.

Олжас Керейхан, тілші:

-Марал негізінен жыл он екі ай табиғатты қоректенетін болса, қыста жем-шөпті қолдан береді. Жем-шөбі жақсы болса, оның жазда кесілген мүйізі де ұзын болады.

Қазір Қатонқарағай ауданында 11 шаруашылықта 3260 бас марал бар.  Ол шаруашылықтардың  бір-екеуі ғана ірі. Яғни мүйіз кескен уақытта панта сорпасын дайындайды. Қалғаны – ұсақ отбасылық қожалықтар. Қазір бұл салғада субсидия берілмейді.

Мұратхан Сәдуев, марал шаруашылығының жетекшісі: 

-Маралдың  шығыны көбірек. Мына шөп шабатыны бар. Еңбекақылары бар. Оның қоршауы бар.Соның бәрін санағанда, шығыны көп.Сол үшін ғой субсидия берсін деп отырғанымыз.  Шошқа, басқа малшаруашылығына беріп жатыр ғой. Маралға берілмейді.

Маралға берілмейтінін ауыл шаруашылығы басқармасы мамандары да растап отыр. Бірақ 2019 жылға дейін әр маралдың басына республикалық бюджеттен 10 мың теңге субсидия төленіп келген. Ал 2020 жылдан бастап демеу қаржыны төлеу облыстық бюджетке ауыстырылған. Алайда өзгеріс енген ережеде облыс қазынасында қосымша қаржы қарастырылса деп қана көрсетілген. Нақты міндет жоқ.

Ертай Қуанбаев, Ауылшаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:                       

-Қазіргі уақытта біздің басқарма тарапынан марал шаруашылығын қаржыландыру бөліну үшін бюджеттік өтінім беріп отыр. Біз осы бар маралдың көлемінде 20-30 миллион теңге субсидия сұрап отырмыз.

Сұрап отырған субсидияны беру-бермеуді облыстық мәслихат депутаттары шешеді. Сондықтан әзірше марал өсірудің машақаты көп болып тұр.

Авторлары: Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов, Дмитрий Пыхтин