Хабар телеарнасы

Зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға қатысты жаңа сұрақтар туындауда

Бүгін оның алғашқы қорытындысы белгілі болды. Бүгінге дейін 80 мыңға жуық отандасымыз қаржысын алуға өтінім берген. Күні кеше соның 8,5 мыңы мақұлданыпты. Енді олар алдағы 45 тәулік ішінде 47 млрд теңгені мақсатты пайдалануларына болады. Айта кетейік, еліміздегі төрт банк жоба операторы қызметін атқарады. Оларда арнайы есепшот ашу, қаражатты аудару сынды қызметтердің бәрі комиссиясыз орындалады.  

Алғашқы нәтижелердің шығуымен қатар осы жинақтың бір бөлігін алуға қатысты жаңа сұрақтар да туындауда. Бірі қаржы есепшотыма түспей жатыр десе, енді бірі жинақ есебінен шипажайға бара аламын ба дейді? Ал тағы бірін үй жөндеу тәртібі қызықтырады. Өтінішінің мақсатын өзгерткісі келетіндер де кездеседі.

Жинақтағы қаражатты алуға өтініш қабылдау басталған бір аптада біраз жайға қанықтық, түсініксіз жайттар да баршылық. Әлеуметтік желі, түрлі ұжым арасында қаржысын алған адамды әлі ешкім көрмегенін жиі айтып, жазып жүр. Өз басындағы оқиғаны мысалға келтірушілер де бар. Мәселен, өзіміздің әріптесіміз тележурналист Александр Аксютицтің жағдайына тоқталсақ.

Александр Аксютиц, журналист:

 -Мен өтінім қалдырған күні маған қабалданбайды деген жауап келді. Жинақта қанша ақшам бар екенін өзім нақты білемін ғой. Бәрін дұрыс жасадым. Кейіннен анықтасам, жүйеде техникалық ақау орын алыпты. Мамандар өздері хабарласып, бәрін түзеттік, бүгін шотыңызға ақша түседі деген. Күтіп отырмын.

Жанат Құрманов, БЖЗҚ АҚ Басқарма төрағасы: 

-Ақша аударымы бес жұмыс күні ішінде жасалады. Бұл жерде сенбі, жексенбі күндері демалыс болуына байланысты есепке алынбайды. Алғашқы аударымдар ақпанның бірі, кеше ғана түсе бастады. Сондықтан әр адам осы мерзімді есепке алса екен.

Бірі ақшасының аударылғанын күтсе, енді біреулер жинақтағы қаржыны қолдану мақсатын өзгертуді қалайды. Өтінімде ипотканы жабуға деп көрсетіп қойған. Ал артынан басқа үй алуға шешім қабылдайды немесе емделуге жұмсағысы келеді. Жалпы бұлай жасау мүмкін бе?

Ляззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы:

-Біз бұл жағдайдан хабардамыз. Алдағы бір апта көлемінде мақсатты өзгерту мүмкіндігі пайда болады. Өтінімді кері қайтару немесе басқа уақытқа ауыстыру мүмкіндігін беруді сұрап жатқан салымшылар да бар. Оншақты күн ішінде оны да іске қосамыз.

Тағы бір бағыт – қаражатты үй жөндеуге жұмсау. Бұған ниеттілер көп болғанымен оны іске асыру механизімін бәрі бірдей түсініп жатқан жоқ. Жоба операторларының айтқанынан ұққанымыз, мұндай мүмкіндік тек жаңадан салынған үйді сатып алғанда ғана болады. Тиісті құжатты толтырар кезде жөндеу мақсаты мен оған қажет қаражат көлемінің астын сызып тұрып жазуыңыз керек екен.

Жансұлтан Матай, «Отбасы банкі» орталық филиалының директоры:

-Әрленбеген пәтерді сатып алып, оған жөндеу жұмысының ақшасын қосып алуға болады. Жөндеу жұмыстарының жүргізілген мақсаттылығын 6 ай уақыт өткеннен кейін растауыңыз керек болады. Сол пәтердің әрленбеген суретімен артынан өзіңіздің жасаған сметаңызға сәйкес жасаған жұмыстарды сол ракурсте түсірілген суреттерімен қосып, қайтадан әкеліп, банкке растауыңыз керек болады.

Енді анықталмай тұрғаны – жинақтағы қаражатты медицина яғни емделу мақсатына пайдалану. Оның ережесі әлі толық дайын емес. Ол бойынша талқылаулар өткізілді, ұсыныстар жиналуда. Сөз соңында бұған дейін өтінім қалдырғандардың таңдауы жөнінде аз кем ақпарат айта кетсек. Әр екінші адам ипотекалық қарызын жабуды қалайды, ал әр бесінші өтінім беруші баспананы толығымен сатып алуға ниетті. 17 проценті қаржысын туысына бергісі келсе, 3 проценті жер сатып алу деп көрсетіпті.