Хабар телеарнасы

Абай Құнанбайұлының шығармалары грузин тіліне аударылды

Таралымы әзірге – 500 дана. Хакімнің жазу стилі мен философиялық ой-толғамдарын Кавказ елінің оқырмандары жылы қабылдап жатыр.

Алайда індетке байланысты кітаптың таныстырылымын қос елдің әдеби қауымының қатысуымен өткізу мүмкін болмай тұр. Ал жинақты Грузияның білім беру ұйымдарының кітапханаларынан табуға болады.

Бұл – Абай өлеңдерінің грузинше нұсқасы. Мұндай аударма алғаш рет жасалды. Грузияның Жазушылар одағының төрағасы Маквала Гонашвили қазақ ақынының шығармаларын орыс тілінен аударған. Кітап редакторының айтуынша, аударма қазақ мәдениетін, философиясы мен тұрмыс-тіршілігін айнытпай жеткізген.

Манана Горгишвили, кітап редакторы:

– Біз бұрын Абайды білмейтінбіз. Енді шығармашылығына терең бойлап, өзіміздің ағартушы Илья Чавчавадземен рухтас екенін байқауға мүмкіндік алдық. Чавчавадзенің еңбегі грузиндер үшін қандай болса, Абайдың мұрасы да қазақ халқы үшін соншалықты құнды. Поэзия – Грузия үшін маңызды. Сондықтан грузиндердің ұлы қазақ ақынымен тереңірек танысқанын қалаймыз. Дәстүріміз, дүниетанымымыз бөлек те шығар, бірақ Абайдың грузин тіліндегі өлеңдері жанымызға өте жақын, оқырмандардың жылы пікірі өте көп.

Тағы бір ерекшелік – кітап қазақ және грузин тілдерінде жарияланған. Баспадан шығаруға Қазақстанның Грузиядағы елшілігі мұрындық болған.

Гүлмира Сұлтанат, Грузиядағы Қазақстан Республикасы елшілігінің кеңесшісі:

– Қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбайұлының атын достас грузин топырағында мәңгілік ету үшін, кеңінен белгілі ету үшін біраз іс-шараларды атқарды. Осы мерейтой жылы біздің хакім Абай грузин тілінде алғаш рет сөйледі. Оның лирикалық әдемі өлеңдері, философиялық ойларға тұнған керемет өлеңдері грузин тіліне аударылып шықты. Тбилисидегі «Мирани» баспасында. Осы кітап 500 данадай болып басылды. Қазіргі уақытта бұл кітаптарды елшілік осы елдегі кітапханаларға, жоғары оқу орындарға сыйға тартып жатыр.

Қазақ елшілігі кітаптың тұсаукесерін алдағы жылы өткізуге ниетті. Өлеңсүйер қауым індеттің тезірек кеткенін күтіп жүр. Ал Абайдың дана сөздері Қазақстан мен Грузия арасындағы мәдени байланысты нығайта бермек.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Юлия Тужилкина