Хабар телеарнасы

Өскеменде «Гүлдене бер, менің Қазақстаным» байқауының жеңімпаздары анықталды

Өнер сайысында алты жастағы бүлдіршіндерден 16-жасқа дейінгі жеткіншектер белсене қатысып, көркем және сәндік қолданбалы бағыттағы жетістіктерін паш етті.

Өскемендік өнерлі өрендердің сайысы өз мәресіне жетті. Талап бойынша туған ел тақырыбындағы сурет, сәндік қолданбалы жұмыстар 10 қарашадан бастап бір ай бойы қабылданды. Сөйтіп балалардың конкурс мазмұнына сай еркін ой қозғауына мүмкіндік берілді. Нәтиже жаман емес. Отан туралы ойлары мен тілектерін өнерпаздардың бірі бояу, бірі мата, бірі тігін арқылы әдемі жеткізіпті.

Бейбітгүл Оспанова, ШҚО «Дарын» ғылыми әдістемелік орталығының әдіскері:

- Бір жұмыстан бір жұмыстың керемет ерекшелігі айқындалды. Неше түрлі сәндік қолданбалы бұйымдар бар екен.

Облыстың әр аймағынан онлайн түрде 160-тан астам жұмыс қабылданды. Балалар таңдаған тақырыптарын барынша ашуға үлкен мән беріпті. Туған өлкесінің кеңдігін, бейбітшілік пен бірлікті сипаттаған. Ұлы ақын Абайды да ұмытпаған. Қазақтың дархандығы мен жомарттығын да көрсетуге тырысқан.

Аружан Бектемір, конкурс жеңімпазы:

- Бұл шығармада қонақжай қазақтың ақ дастарханы бейнеленген. Бұл жұмысым мозайка техникасымен жұмыртқаның табиғи түсімен ақ-қоңыр колоритте орындалған. Осындай мерекеге жайылған дастарханымыз әрдайым дәмге толы болсын, ақ мол болсын деген мақсатпен жасалған.

Карантиндік шектеулерде балалардың шығармашылығы шектеліп қалмауы тиіс. Ұйымдастырылған байқаудың негізгі мақсатының бірі осы. Бала бойындағы дарынды дамытудың әр әдісін ұтымды пайдалануы керек.

Сайрангүл Жұмаділова, ШҚО Білім басқармасының басшысы:

- Бұл шығармашылық сайыста балалар Тәуелсіз Қазақстанның даму жолдарындағы сәттерін бейнелеген, осыған қарап отырып балалардың өздерінің Отанға, өз мемлекетіне деген сүйіспеншіліктерін, өздерінің қандай патриот екендігін көруге болады.

Конкурстың ең үздік жұмыстары сәулет этнографиялық мұражайындағы көрмеге қойылып, ел назарына ұсынылды.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов