Хабар телеарнасы

Жезқазғанда 26 үй апатты жағдайда тұр

Қазір мұнда 200-ден астам ескі үй болса, соның 26-сы – апатты жағдайда. Жергілікті билік: «Ондағы тұрғындарды алдағы 5 жыл ішінде қауіпсіз жерге көшіреміз», – деп уәде берген. Бірақ жұрт бұған күмәнмен қарайды, ал өтемақы туралы ұсыныстары тіптен ашуын туғызған.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

– Қазіргі күні Жезқазған қаласында 26 апатты үй бар. Оның 9-ы қайтадан жөндеуге келсе, қалған 17-сі сүрілуі тиіс. Алайда бұл жұмыстардың қай кезде атқарылатыны әзірге белгісіз. Анығы, тұрғындар дәл осындай қауіпті баспаналарда әлі күнге тұрып жатыр.

Осыдан 60 жыл бұрын салынған бұл үйдің қабырғасы күн өткен сайын сөгіліп жатыр, едені де шөгіп кеткен. Мамандар баспананы апатты деп әлдеқашан қорытынды шығарады. Екінші топтағы мүгедек Гүлжан Ахметова жаңа үй алуға құжаттарын өткізген, бірақ нәтиже болмай тұр.

Гүлжан Ахметова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

– Жазда пайызсыз үй береміз деп деп айтқан еді. Соған сеніп, біз құжаттарымызды тапсырып қойдық. Қазір үйде құжатсыз отырмыз. Компенсация береміз деді, ол – 3 миллион 500 мың. Ол үй алуға жетпейді, табысымыз аз.

Әкімдік мамандары өтемақының аз екенін мойындап отыр. Бірақ бұл нарықтағы баға. Апатты үйдегі пәтерлерді арнайы лицензиясы бар компания бағалаған. Әзірге тек 50 баспананың қожайыны ғана өтемақы алуға келісім беріпті.

Алиса Сағымбаева, қалалық Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

– «Мемлекеттік мүлік» туралы Заңға сәйкес, пәтер иелеріне реквизиция жасағанда нарықтық құнын береді. Расында ол үйлер ағаштан салынған, олардың нарықтық құны ең төмен болады. Үйлер бізде салынып жатыр «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша. Ол бағдарламада апатты үйлердің тұрғындарын көшіру деген көзделмеген. Тек қана көпбалалы аналарға, мүгедектерге беріледі. Біз қазір сол себепті компенсация береміз.

Қазір 90 мыңнан астам тұрғыны бар Жезқазған қаласында 600 көпқабатты үй болса, соның жартысына жуығы ескі, әбден тозған. Ондағы жұртты қауіпсіз жерге көшіру үшін жергілікті билік биыл 5 жылдық бағдарлама қабылдапты.

Қайрат Әбсаттаров, Жезқазған қаласының әкімі:

– Бұл үйлер бойынша бізде арнайы бағдарламалар бар. Сол бойынша біз 5 жылдың көлемінде барлық апатты үйлер болсын, ескі үйлер болсын, солардың барлығын да ауыстырамыз деген нақты жоспарымыз бар. Бұл жерде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» механизмін қолдану арқылы шешеміз. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайлары мүлдем төмен азаматтарға спонсор, инвестор болсын тауып, солардың көмектері арқылы шешетін боламыз.

Жезқазған әкімінің айтуынша, апатты үйлердің орнына салынатын жаңа баспана құрылысы келесі жылы басталады. Ал әзірге тұрғындарға қауіпті үйде тұрудан басқа амал жоқ.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев