Хабар телеарнасы

Түркістанда лимон өсірушілер қауымдастығы құрылады

Алайда тропикалық жемісті күтіп-баптау оңай шаруа емес. Ерекше күтімді қажет ететін өсімдік қажырлы қайрат пен қаржыны талап етеді. Сондықтан жергілікті лимон өсірушілер бұл қиындықпен бірігіп күреспек.

Нұрсұлтан Жүсіпбаев соңғы 5 жылдан бері лимон өсірумен айналысады. Ол осы уақыт аралығында көп тер төгіп, тәуекелге барды. Еткен еңбек еш кетуі де мүмкін еді. Себебі сырын білмейтін жемісті жерсіндіру оңай болған жоқ. Бірақ кәсіпкер алған бетінен қайтпай, тәжірибесін жетілдіре түсті. Нәтижесінде жылына 4 тонна жеміс жинайтын дәрежеге жетті. Қазір бір гектар лимон өсіретін жылыжайы бар. «Сатып алушылар сапалы өнімнің бағасына қарап жатқан жоқ», – дейді.

Нұрсұлтан Жүнісбаев, кәсіпкер:

– Шет мемлекеттен келіп жатқан цитрустық жеміс болғандықтан, импорт болады. 1-2 процент болса да жапсақ, ол біздің Қазақстанның экономикасына серпін береді. Лимонды өсіру өте қиын. 1,5 жасар кезінде егесіз. Уақытысында дәрісін беру керек, темірін беру керек. Жылыжайда өсіруге болады екен.

Осы сияқты төзімділік сыналатын жұмыс кестесі лимон ағашы жеміс бергенге дейін жалғасады. 2 жыл бойы күтіп-баптау үшін мол қаржы да керек.

Нұрсұлтан Жүнісбаев, кәсіпкер:

– 8 жылда піседі. Ойлаңыз, 8 жылда қанша шығын кетеді. Бізде қыс болады. Қазір -8, -10 градус болып тұр. Оны ысытып, бір температураны ұстап тұру керек. Шамалы суық болса, өлтіріп алуы мүмкін. Жылыжайды әр 4 жыл сайын пленкасын ауыстырып тұру керек. Сондай шығындары бар.

«Қиындықпен бірігіп күрескенде ғана жеңіске жетеміз», – дейді фермерлер. Сондықтан олар өздерінің лимон қауымдастығын құруды жоспарлап отыр. Оның қоғамға да пайдасы тиеріне сенімді.

Мәди Ибадуллаев, өңірлік Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Біз шаруаларды лимон, цитрус өнімдерін өсіруге үйрететін оқу орталығын ашқымыз келеді. «Еңбек» бағдарламасы негізінде қысқа мерзімді қайта даярлау деген бар. Соның негізінде осы жерде оқу орталығын ашып, тропикалық жемістерді өсіруді үйреткіміз келіп отыр.

Кәсіпкерлер егер мемлекеттен қолдау болса, басқа да тропикалық өсімдіктерді өсіруге болатынын айтады. Соңғы жылдары түркістандық кәсіпкерлердің арасында цитрустық жемістерді өсіруге деген қызығушылық артып келеді. Мәселен, өткен жылы өңірдегі лимон өсіретін жылыжайлардың көлемі 2 гектар болса, биыл 3 гектарға жеткен.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы