Хабар телеарнасы

Алдағы Мәжіліс сайлауы барысы Өскеменде талқыланды

Өскеменде өткен жиында отандық сарапшылар осындай ой айтты. Бұған Президент жанынан құрылған «Қоғамдық сенім» ұлттық кеңесінің жұмысы мысал бола алады. Осы институт құрамында түрлі партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың, ақпарат құралдарының өкілдері бар.

Кеңес бастамасымен бірқатар заңнамаларға өзгерістер енгізілді. Мәселен, саяси партияларды тіркеу талаптары жеңілдетілді. «Мәжілістегі әйелдер мен жастардың мүмкіндіктері артты», – дейді сарапшылар.

Ерлан Саиров, саясаттанушы:

– Ұлттық кеңес аясында біздің елімізде саяси реформалардың бірінші пакеті ұсынылған, міне, осы бірінші пакет аясында біздің еліміздегі жеті заңға өзгеріс енгізілді. Оның ішінде бірінші жаңа тұрпаттағы митинг туралы заң қабылданды, сонымен бірге партия туралы заңға жастар мен ханымдарға 30 процент квота енгізілді. Сонымен қатар Парламент туралы заңда парламенттік оппозиция деген жаңа термин пайда болды.

Мұхтар Төлеген, ШҚМУ ректоры:

– Сайлау алдындағы айтулы мәселелердің барлығын осы жерде талқылап, сұрақтарға диалог ретінде жауап берілді. Өйткені білесіздер, біздің елімізде саяси плюрализм,яғни партиялардың әр алуандығы, сонымен қатар саяси көзқарастардың алуандығы, сондай-ақ теңдік, әділеттік принцптерін бүгін жақсы талқыға салып, өзіміз бір тұщымды жақсы нәтиже алдық.