Хабар телеарнасы

ШҚО-дағы Қалжыр ауылы орталық ауызсу желісіне қашан қосылады?

Сала мамандары су құбыры тартылып, орталық желіден су беріледі дегелі екі жыл өткен. Бірақ жұрт суды әлі күнге құдықтан тасып ішіп отыр. Ал әкімдік өкілдері болса: «Көктем шыға Қалжыр толықтай жаңа су желісіне қосылады», – деп сендірді.

Толғанай Имажанованың аядай ауылда шағын ісін дөңгелетіп жүргеніне 15 жыл болыпты. Көп-көрім кәсібін кері тартып келе жатқан жалғыз мәселе – орталық ауызсу желісінің жоқтығы. Соңғы екі жазда ауыл тіршілік нәрімен қамтылуы тиіс еді. Бірақ әлі бір тамшы су ақпаған. Сондықтан ол 12 метр тереңдіктен құдық қазып, соның суын амалдап отыр.

Толғанай Имажанова, Қалжыр ауылының тұрғыны:

- Талап бойынша бізде су ағып тұруы керек, ыдыс, т.б. заттарға дайын тұруы керек еді. Бірақ бізде үнемі су мәселесі ақсап тұрады, 12 метрден су алып отырмыз. Оның суы жетпейді, су төмен түсіп кете ме, қыстың күні мүлдем тартылып қалады.

Ауыл болғалы құдықтағы суға қарап отырған қалжырлықтар: «Орталық желіден берілетін тіршілік нәрі шаруамызды біршама жеңілдетер еді», – дейді. Оның үстіне көпшілігі 10-15, кейбірі тіпті 3 метр тереңдіктен шыққан суды ішіп отыр. Яғни сапасы күмәнді. Сондықтан «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 500 млн теңгеге ауызсу құбырын тарту жұмысы өткен күзде басталыпты. Мердігерлер жыл соңына дейін жобаны аяқтаймыз деп сендірді.

Айдын Есілбаев, мердігер компанияның өкілі:

- Су құбырлары 100% бітту деуге болады, көктемде жібереміз. Бәрін тартып, қамтамасыз еттік.

Ауылдықтар «биыл резервуар құрылысы аяқталады» дегенге аса сенбесе керек. Сондықтан аулаларына су құбырын тартып кіргізбепті. Ал қазір жер тоңы қатып қалды. «Сол себепті енді тек көктемде ғана магистарлмен су жіберілмек», – дейді сала мамандары. Егер Қалжырға су тартылса, онда бүкіл ауылдық округте ауызсу мәселесі толық шешіледі деген сөз. Өйткені түтін саны аз елді мекендерге блок модульді станциялар қойылып жатыр.

Қуат Қизатов, Қалжыр ауылдық округінің әкімі:

- Оң жақ Қалжырға блок модульді станция қойылды, далаға су құбыры орнатылды. Бір жыл бұрын Шеңгелді ауылына қойылды. Олар таза ауызсу ішіп отыр, Тақыр ауылында да қосылған.

Жалпы биыл облыста ауыл-аймақтағы 20 мыңға жуық тұрғын тіршілік нәрімен қамтылады. Өңірде барлығы 683 ауыл болса, әзірге соның 80% астамына су құбыры тартылған.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов