Хабар телеарнасы

Қостанай облысында бірнеше әлеуметтік нысан ашылды

Силантьев ауылында замануи жаңа стадион салынып бітті. Ал Докучаев елді мекені орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Төрт айдың ішінде ауыл іргесінде жаңа бөгет тұрғызылды.

Силантьев ауылында салынған спорт нысанын стадион дегеннен гөрі, бүтін бір кешен деуге келеді. Өйткені жалғыз футбол емес, баскетбол, волейбол алаңдары, жүгіретін арнайы жолағы бар. Барлық жерге соңғы үлгідегі жасанды төсеніш төселген. Көрермендер отыратын орындықтар, спортшылар киініп, жуынатын бөлмелер жоғары талғаммен жасалған.

Жанат Жиенбаев, Алтынсарин ауданы әкімінің орынбасары:

– Жаңа стадион ауданда бұқаралық спорттың дамуына өз септігін тигізері сөзсіз. Қазір бізде салауатты өмір салтын ұстанатындар 33 процентті құраса, осы нысанның пайда болуымен ол 50 процентке жетеді деген ойдамыз.

Биыл облыс бойынша 12 спорт нысаны күрделі жөндеуден өтті. Оның 7-еуі – стадион. Алтынсариндіктерге жасалған тағы бір тарту – Докучаев ауылының орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылуы. Биыл өркениет игілігіне қол жеткізіп отырған аудандағы бұл бесінші елді мекен.

Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:

– Осы жобаларды жүзеге асыруға осы тек Алтынсарин ауданы бойынша 3,5 миллиард теңге жұмсалып отыр. Көрсеткіш халық санын санағанда аудан бойынша 80 процентке дейін жетіп отыр. Жиырма процент аудан халқы келесі жылы, одан кейінгі 2-3 жылда біз оларды да ауыз сумен қамтимыз.

Аудан жұртшылығы үшін жақында тапсырылған тағы бір маңызды нысан – Докучаев ауылының маңында тұрғызылған су бөгеті. Енді көктемгі тасқыннан келетін қауіп жоқ десе болады. Сондай-ақ Силантев пен Обаған ауылының арасында тас төсеніштен жаяу жүргіншілер жолы салынды. Мұның бәрі «Еңбекпен қамту жол картасы» аясында жүзеге асып жатыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг