Хабар телеарнасы

Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы орталық аурухана жанынан жұқпалы аурулар бөлімі ашылды

Қазір өңірде жеткілікті дәрі-дәрмек қоры жасақталып, ауруханалар жедел жәрдем көлігімен толық қамтамасыз етілді. Әзірге аймақта эпидахуал тұрақты.

Осыдан 35 жыл бұрын іргетасы қаланған мына ғимаратта бүгінгі күнге дейін орталық аурухананың шаруашылық бөлімі орналасқан болатын. Жуырда нысан күрделі жөнделіп, жұқпалы аурулар госпиталіне айналды.

Емдеу орыны 30 адамға арналған. Іші заманауи қондырғылармен толық жабдықталыпты. Әзірге бос тұр. Ертең орталық ауруханаға түскен екі адам осында ауыстырылмақ.

Айтолқын Құрбанова, Шахтинск қалалық ауруханасы директорының орынбасары:

– Әр палатада оттегі точкалары орналасқан. Реанимациялық палаталарда консольдар орналасқан. Жасанды вентиляция аппараттары бізге жеткізілді. Жалпы жазбен салыстырғанда, әрине, біздің жағдайымыз жақсы. Науқастарды қабылдауға біз дайынбыз.

Дәл осындай жұқпалы аурулар госпиталі бұған дейін Теміртау мен Абай қаласында жұмысын бастаса, санаулы күнде Балқашта ашылмақ. Жалпы бүгінгі күні Қарағанды облысында науқастарды қабылдайтын 5 мың орын дайын тұр. Жуырда емдеу мекемелеріне қосымша 40 сандық рентген аппараты мен 4 компьютерлік томография сатып алынған. Өңірде 8 ПТР зертханасы жұмыс істейді. Тәулігіне шамамен 9500 адамды тексерістен өткізе алады.

Гамаль Тоқсамбаев, Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Қазір облыста 48 стационар дайын. Бірақ бүгінгі күні соның тек 12-сі ғана жұмыс істеп тұр. Қалғанын қажет кезде ашамыз. Республикалық және облыстық бюджет есебінен 270 өкпені жасанды желдету аппаратын сатып алдық. Олардың барлығы өңірдегі емдеу мекемелеріне берілді.

Қазіргі таңда аймақтағы барлық емханаларға 1 миллиард теңгенің дәрі-дәрмегі үлестірілген. Бұған қоса қорда 500 миллион теңгенің препараты бар. Ал жедел-жәрдем көлігімен облыстағы емдеу мекемелері 100 процент қамтылды. Жуырда ауруханаларға 36 реанимобиль берілсе, жыл соңына дейін тағы 24 техника жеткізілмек.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев