Хабар телеарнасы

«Хабар» арнасында «Тұншыққан сезім» телехикаясы көрерменге жол тартады

«Тұншыққан сезім» отбасылық драмасының оқиға желісі өмірден алынған. Басты кейіпкер – Әлібек, құмар ойынның жетегінде кетіп, бүкіл бизнесін құрбан етеді. Бұл жағдай отбасына да әсер етпей қоймайды. Фильм шаңырақтың берік болуы – еліміздің тұтастығы мен татулығының көрінісі екенін көрерменге жеткізуді мақсат тұтқан.

Айгүл Кәден, актриса:

– Қазақтың қай отбасында да әйел адам отбасын сақтап қалғысы келеді ғой. Мына жерде күйеуім кішкене ойынқұмар, сол жолды қалап жүрген ер азамат қой. Бірақ қандай болса да әйел адам кішкене отбасын сақтау үшін барын салады. Балалар үшін.

Телехикаяға түсетін актерлер қатаң іріктеуден өткен. Режиссер Санжар Омар кейіпкердің жан дүниесін аша алатын білікті мамандарға көбірек басымдық беріпті. Телехикая жас актерді де, кәсіби маманды да жаңа қырынан танытпақ.

Аиша өміралинова, екінші режиссер:

– Бірінші фотосын жібереді, фотоларын таңдаймыз, одан кейін видео карантиннің кезінде болды. Одан кейін қайтадан шақырдық. Ансамбльмен шақырдық. Ең ұзақ кастинг осы сериалда болған шығар. Өйткені екі этап емес, 5 этаптан өтті актерларымыз.

Телехикаяның түсірілімі көктемдегі төтенше жағдай кезінде болған. «Қиындықтарға қарамастан, жұмыс тоқтаусыз жүрді», – дейді шығармашылық топ өкілдері. 15 бөлімнен тұратын жаңа туынды бүгін кешкі сағат 22.40 «Хабар» телеарнасының эфирінен көрсетіледі.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев