Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысында учаскелік полиция қызметкері заманауи технологияларды пайдаланды

Учаскелік полиция инспекторлары: «Жақынына қол көтерген адамдардың дені жауапкершіліктен сытылып кетеді», – деп отыр. Себебі жәбірленушілер дер кезінде арыз жазбай, қасындағы қатігез жанды кешіре салады. Зорлық-зомбылық болашақта қайталанбауы үшін полиция инспекторлары қылмыстық істі деректің тіркелуіне орай қозғап, жауапты тұлғаны жазаға тартуды ұсынуда.

Нариман Ульянов учаскелік инспектор қызметіне салалық жоғары оқу орнын тәмамдаған бойда кіріскен. Қобда ауданының Бұлақ және Талдысай ауылдық округтарына жауапты. Ара-тұра болатын мал ұрлығы мен ерлі-зайыптының арасындағы кикілжің болмаса, елді мекендерде ауыр қылмыс тіркелмеген. Дегенмен учаскелік инспектор: «Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамдағы түйіні шешілмеген мәселе. Отбасындағы ойранның арты ауыр қылмысқа да әкелуі мүмкін»,  – дейді.

Нариман Ульянов, учаскелік полиция инспекторы:

-Өзіңіз де білесіз, барлық қазақ «ұят» деп, ешкім жазбайды. Сол шыдап жүре береді. Біздер барғаннан кейін көреміз, ұрды-соқты, маскүнем боп жүр. Бірақ біз оған шара қолданбаймыз.

Салдарынан жазадан жалтарған қатыгез жақынына қол көтеруін жалғастырады. Ондай отбасындағы жәбірленушілермен учаскелік инспектор ұялы телефон арқылы тұрақты байланыс орнатқан. Жалпы заманауи технологияларды да тәртіп сақшылары өз жұмысында белсенді игеруде. Мәселен, төрт түлік жоғалған жағдайда жедел әрекет ету үшін жергілікті шаруа қожалықтары және мал иелерімен мессенджерлер арқылы ортақ топ құрып, бірлесе іздеуге кіріседі. Яғни қылмысты ізін суытпай ашуға мүмкіндік артады. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуда да әлеуметтік желілердің көмегі мол.

Серікқали Тасмағамбетов, Ә. Молдағұлова атындағы орта мектеп директорының орынбасары:

-Қазіргі таңда мына қашықтықтан оқуға байланысты біздерде әлеуметтік желілер арқылы кездесулер өткізіліп тұрады. Жалпы құқық бұзушылықтың алдын алу туралы біздің ауылдық учаскелік полиция өзінің ақыл-кеңестерін оқушыларға айтып тұрады, кездесу де болып тұрады.

Нариман Ульянов еңбек ететін ауылдарда 2 мыңнан астам тұрғын бар. Келер жылдан бастап учаскелік инспекторлардың қасына көмекші бекітіледі. Бұл тәртіп сақшыларына түскен жүкті жеңілдетіп, еңбектің нәтижесін арттыруы тиіс. Қазіргі таңда құзырлы министрлік пен Мәжілісте Ішкі істер органдарының, оның ішінде учаскелік инспекторлар қызметіне қатысты заң талаптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу талқылануда.

Айдос Құлжанов, Ақтөбе облыстық ПД ЖПБ бастығының орынбасары:

-Нәтижесінде учаскелік полиция инспекторлары тұрғындармен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесу үшін жеткілікті уақыт бөлінеді. Бұл құқық қорғау органдарының имиджін көтеру, оның қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету халықтың Ішкі істер органдарына деген сенімін арттыруды одан әрі жақсартады.

Бүгінде Ақтөбе облысында 300-ден астам учаскелік полиция инспекторы бар. Олардың 126-ы облыс орталығына бекітілген болса, 180-і ауыл-аймақтағы тәртіпке жауапты. Құқық қорғаушылар қызметтік көлік және өзге де қажетті құрал-жабдықтармен 100 процент қамтылған.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков