Хабар телеарнасы

Еліміздің бірқатар аймағында коронавирус инфекциясы қайта өршіп жатыр

Халықтың жүріп-тұруына шектеу қойылды. Ал Шығыс Қазақстан өңірінде өткізу-бақылау пунктерінің саны артты.

СҚО-да қалалар мен аудандарға қатынайтын қоғамдық көліктер тоқтады. Тек ауданда тұрып, облыс орталығында жұмыс істейтіндерге арнайы анықтама берілген. Ал азық-түлік, дәрі-дәрмек тасымалдаушыларға жасыл дәліз ұйымдастырылады.

Айдын Байматов, облыстық ПД жергілікті Полиция қызметі басқармасының басшысы:

- Бүгінде бес карантиндік бекет құрылды. Оның төртеуі Петропавл қаласының кіре берісінде орналасқан. Бір карнтиндік бекет Жезқазған – Петропавл тасжолында қойылған. Жалпы бір тәулікте осы бес карантиндік бекетте 60 полиция қызметкері жұмыс атқарады.

Қостанай облысында 12 санитарлық бекет қайта қойылды. Мұндай өткізу орындары алғаш рет сәуір айында жасақталып, індеттің беті қайтқан соң алынып тасталған. Енді Қостанай қаласы үш жерінен қоршалса, төрт санитарлық бекет Ресей Федерациясымен шекаралас аумақтарға орнатылды. Қалғандары Жітіқара және Қостанай аудандарына қойылды. Бекеттерде 94 адам кезекшілік етеді. Олар – полицейлер, дәрігерлер, жедел әрекет ету тобының қызметкерлері.

Арман Бектұрсынов, патрульдік полиция инспекторы:

- Егер жүргізуші мен жолаушылардан дене қызуы анықталса, дәрігерлер оларды госпитальге жеткізеді. Ал біздің міндет – жүргізуші автокөлігін арнайы автотұраққа қою. ПТР тесті шекаралық аймақтарда жүргізушілерден ғана сұралады.

Ертіс өңірінде де 12 блокбекет іске қосылды. Бақылау пункттерінде мамандар азаматтардың дене температурасын өлшеп, құжаттарын тексереді. Осы уақытқа дейін құжаттары дұрыс болмаған 38 көлік жүргізушісі кері қайтарылды.

Жасқайрат Қайыров, облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары:

- Өту үшін жұмыс істейтін және дәрігерге қаралған құжаттары болуы керек. Енді шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар оңай өтетін болады. Ал біздің облыс бойынша өтетін транзиттік көліктерге тыйым салмаймыз.

Сондай-ақ ШҚО-да тағы бірнеше елді мекен мен қалаға санитарлық бақылау-өткізу  бекеттері қойылды. Тек соңғы тәулікте өлкеде 250 адамнан індет анықталды. Шалғайдағы аудандар мен шаһарларда да өсім байқалады. Инфекция жұқтырған 674 адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның 49-ы ауыр халде. «Алыс аудандардағы жағдай бақылауда», – дейді сала басшылары.

Думан Берікұлы, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Бізде қазір әрбір ауданға облыс тарапынан кураторлық есебінде бекітіліп қойған, сол себепті олармен қашықта болсын байланысып, 2-3 маман шығып, сол жерде көмек қолын созып жатыр.

Ал БҚО-да шектеу шаралары қатаңдатылады. Тек қараша айының басынан бері аймақта 250 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Вирусты жеңуге қабылданып жатқан шектеулер ғана емес, халық та үлес қоса алады. «Сондықтан сақтық шараларына мұқият болайық», – дейді дәрігерлер.

Авторы: Эльмира Ахметова