Хабар телеарнасы

Атыраудағы мұнай өңдеу зауытынан ақау шықты

Оны дер кезінде байқаған табиғат жанашырлары дабыл қақты. Биологиялық тазалау қондырғысындағы апатты жағдайға байланысты зауыт мұнай аралас суды арнайы полигонға жіберген. Қазір зауытта техникалық ақауды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Қоршаған ортаға келтірген залал мен апатты жағдайдың себебін табиғат жанашырлары мен экологтардан құрылған арнайы комиссия анықтайды.

Бетіне мұнай қалқыған сарқынды су өзекті бойлап ағып барады. Айналаға тараған иіс өз алдына, қоймалжың май шөп-шаламға араласып, түйіртпектерге айналған. Кейін мұнай шламы өзек түбіне шөгеді. «Май сіңген топырақты тазарту үшін ондаған жыл керек», – дейді табиғат жанашырлары.

Арман Хайруллин, Экологиялық қордың төрағасы:

- Қазір қарамай өзекке ағып жатыр. Бұл – АМӨЗ аумағынан шыққан сарқынды сулар. Ешқандай тазалық жоқ. Осының барлығы ағып жатыр. Қоршаған ортаға зияны тиіп жатыр.

Аумағы 1,5 мың гектар жерді алып жатқан зауыттың сарқынды суларды буландыру алаңын жергілікті тұрғындар «Тухлая балка» деп атайды. Оған зауыттан тәулігіне 7 мың текше метр тазартылған сарқынды су ағып шығады екен. Ал кеше кәсіпорындағы биологиялық тазарту қондырғысының істен шығуына байланысты майы бетіне қалқыған зиянды қалдық алаңға құйылуда. Атырау мұнай өңдеу зауытындағы оқыс оқиғаны экологтар кезекті рейд кезінде анықтаған.

Әлібек Бекмұхаметов, облыстық Экология департаментінің басшысы:

- Біз шұғыл түрде су сынамаларын алдық. Қазір арнайы зертханада тексеріліп жатыр. 3-4 күнде нәтижесі шығады. Одан басқа қазір тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Экологиялық кодекске сәйкес екі сағат ішінде жағдайды хабарлауы керек болатын. Нақты олардан хабарлама болған жоқ.

Осы оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылып, іске кірісті. Олар алдағы он күнде кәсіпорыннан шыққан ақаудың шығу себебі мен экологияға келген залал көлемін есептеп шығаруы тиіс.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев