Хабар телеарнасы

«Хабар» арнасы көтерген Зайсан көліндегі мәселе шешімін тапты

Былтыр «Хабар» Агенттігінің аймақтағы тілшілеріне балықшылар базынасын айтқан еді. Халық көксеркеге берілетін лимиттің тым аз екендігін және құрылып жатқан кооперативтер жұмысының алдыға баспай тұрғанына шағымданған. Бұл мәселе жөнінде терең зерттеуге құрылған сюжеттен кейін еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі лимит көлемін 2 жарым есеге арттырды.

Балық аулап, оны өңдеумен айналысатын бұл кооператив осыдан 2 жыл бұрын құрылған. Оған Байтоғас ауылының 100-ден астам адамы мүше. «Цехтар ашып, экспортқа басымдылықпен береміз», – деп отырғанда, көксерке балығын аулауға берілетін лимиттің тым төмендігі кәсіпті дамытуға мүмкіндік бермей, мәселе туындаған еді.

Болатхан Асылханов, Ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің атқарушы директоры:

-2019 жылы сіздердің шығарған сюжеттен кейін бірнеше жыл шешілмей жатқан Зайсан көлінің мәселесі көксерке балығының лимитінің аздығы шешілді. Өткен жылы 57 тоннадан қазіргі 2020 жылға бізге 137 тонна көксерке лимитін берді. Яғни 2 жарым есе бізге көп болды. Ол біздің мекемеге және де жақын орналасқан Байтоғас ауылына үлкен септігін, жақсылығын тигізеді деп ойлаймыз. Ол үшін сіздерге ерекше рақметімізді білдіргіміз келеді.

Дүние жүзіндегі қауіпті індетке байланысты пандемия мен еліміздегі карантиндік шаралар бұл кәсіпорын жұмысына да кері әсерін тигізбей қоймады. Шетелге өнім шығару кідіріп, табыс азайды. «Дегенмен, қанша шығынға батсақ та, бірде бір жұмысшыны қысқартқан жоқпыз», – дейді кооператив басшылары. Өйткені олар болашаққа үмітпен қарап отыр.

Болат Көкенайұлы, тілші:

-Кооператив жұмысының жандануына байланысты байтоғастықтардың болашаққа деген сенімі нық артып келе жатыр. Тіпті бұрын қалаға көшіп кеткендер қайтадан орала бастаған. Соңғы жылдары мұнда игі өзгерістер көп. Мектеп, балабақша, мәдениет үйі бұрыннан жұмыс істесе, енді былтыр жаңадан ауызсу құбыры тартылған. Болашақта көшелер асфальттанып, жарықтандырылмақ.

Гүлнар Мұхатова, Байтоғас ауылының тұрғыны:

-Балықшыларда ешқандай көші-қон, басқа жаққа кетушілік, ауылдың құлдырауына ешқандай қорқыныш жоқ. Біздің ауылымыз дамып келе жатыр, осы балық аулау арқасында халықтың материалдық жағдайы да жоғарылап отыр, халықтың күнкөрісі өте жақсы.

Тұрмысы түзеліп, түтіні түзу шыққан байтоғастықтар үшін аудан әкімдігі қосымша жұмыс орындарын ашып, кәсіптің жаңа түрлерін меңгеруге жағдай жасауды жоспарлап отыр.

Асхат Смаилов, Тарбағатай ауданының әкімі:

-Біз сол жерде көлдің жағалауында туризм дамыту мәселесін қолға аламыз. Сол жерде халық тұрақтап, жаз бойы сол көлдің жағалауындағы туристерді күтіп, қызмет көрсетіп, қосымша табыс тауып жатса, көлдің мүмкіндігі тек қана балық аулау емес, соның маңайында басқа да бизнес көздері бар екенін біз халыққа түсіндіріп, елді сол жерге тұрақтауымыз керек қой.

Зайсан көлінің балықтарына Ресейден өзге, көршілес Қытай, Еуропа Одағы елдерінен де сұраныс жоғары. Алайда кәсіпорын өнімдерін шетелге шығаруға карантиндік шаралар кедергі болып отыр. Дегенмен, балықшыларда болашаққа сенім зор.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы