Хабар телеарнасы

«Хабар» арнасы ашылған күннен бастап, телеоператорлар мектебі қалыптасты

25 жылда абыроймен қызмет атқарып, алды зейнетке де шығып жатыр. Қазір орта буын өкілдері жастарға өз тәжірибесімен бөлісуде.

Телевизияда кез келген тілшінің сюжеті тартымды әрі сапалы шығуы оператордың жұмысымен тікелей байланысты. Өйткені көрермен оқиғаның қалай өрбігенін, оның немен аяқталғанын бірінші кезекте бейнекөріністер арқылы көріп біледі. Ал «Хабар» арнасы бұл салада өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды.

Қайрат Атакелдиев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Алматы филиалының бас операторы:

– «Хабар» ашылғанда мені аға оператор бол деп шақырды. «Адамдар жина» деді. Сол кезде штатта 4 оператор болдық. Екі осветитель, екі инженер, барлығы 8 адам болып жұмысты бастадық. Бір-бірімізді көрмейміз, алты айдай командировкада жүреміз. Бүкіл дүниежүзін аралап шықтық. «Қазақстаннан» бөлініп шыққанда, бізде жай ВХС деген камералар болды. Сол заманда ол камерамен елдер той түсіреді.

Жалпы телевизиядағы еңбек өтілі 35 жылға жуықтаған Қайрат Атакелдиев жылдамдық пен ептілік, тапқырлық пен төзімділік болмаса, таспагер болу қиын екенін айтады. Көп жағдайда кадр сыртында қалып қоятын операторлардың еңбектері ерен. Кейде бастарын қатерге тігетін жағдайлар болады.

Қайрат Атакелдиев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Алматы филиалының бас операторы:

– Таскескенде боран басталып, жол жабылып, үш күн далада қалып қалғанбыз. Сонда бәріміз жаспыз. Жан жаққа қараймыз, машинамыздың бензині көпке жетпейді. Бір уақытта машинаның артқы капоты жұлынып кетіп, артқы лобовойы терезені шағып, іші қарға толды. Сондай қатты боран болды. «100 метр жүрейік, 100 метрде ештеңе таппасақ, қайтадан бұрылып, машина жаққа қарай келеміз», – деп сыртқа шықтық. Сонан кейін тура қойшының үйіне тап болдық. Барып қарасақ, есігінің алдында біраз көмір, отын бар екен. Бірақ үйінде құлпы тұр, ешкім жоқ.

Хасен Омарқұлов, Николай Кишенин, Еділ Ермекбаев, Қайрат Атакелдиев секілді операторлар Шешенстан мен Ауғанстан және Тәжікстанда болған қақтығыс кезінде де от пен оқтың ортасында жүріп, материалдар түсіргені бұл күндері тарих болып қалды. Сегіз адамнан басталған ұжым 80-ге жетіп, «Хабар» арнасының алтын дәуірі басталды. Біздің операторлар әлемге әйгілі BBC, СNN, TRT, каналдарына барып, шеберліктерін шыңдап, тәжірибесін толықтырып келді. Қазір еліміздегі көптеген арналардың бас операторлары – осы «Хабардан» түлеп ұшқан жігіттер.

Мұхит Құдықбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ операторы:

– «Хабар» өзінің терезесін бүкіл әлемге ашты деп айтуға болады. Дариға Нұрсұлтанқызының бастауымен жүзеге асты. Ол кезде 1995-1996 жылдар болатын. Тәуелсіздігіміздің 4-5 жылы ғана болған тұс. Алыс-жақын шетелдерге баратынбыз. Қазақстанды ешкім білмейтін. «Фром Қазақстан» десең, «Ауғанстан, Пәкістан» дейді. «Жоқ», – деп әйтеуір бірдеңе түсіндіресің. Қазір енді 25 жылдықта ештеңе сұрамай-ақ, алыстан Қазақстан екенімізді танып жатыр.

Эдуард Кон, «Хабар» Агенттігінің» АҚ операторы:

– «Хабарға» 1996 жылы келдім. Студияда оператор болдым. Таңғы эфир тікелей эфирде «Сәлем, Қазақстан!» бағдарламасынан басталатын. Одан кейін әр сағат сайын жаңалықтар болды. Студия операторы болуының қиындығы осында. Бәрі тікелей эфирде болғандықтан, ештеңені монтаждай алмайсың. Сондықтан да көптеген қызықтар болып жатты. Олардың бәрі де есімізде.

Қазір ақпараттық технология мен техника қарыштап дамыған кезде бейнетаспаға түсіретін мамандардың да тынысы кеңейе түсті. «Ал заманауи технологияны терең меңгеру үшін үздіксіз біліміңді жетілдіріп отыру керек», – дейді тәжірибелі мамандар.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Кенже Амраев