Хабар телеарнасы

Қызылордада жылыту маусымы ерте басталды

Бұл шешім күннің суытуына байланысты. «Жылу құбырларын жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталды», – дейді мамандар.

Биыл Қызылорда қаласында жылу беру маусымына тас-түйін дайын болу үшін «Жұмыспен қамту жол картасы», «Нұрлы жер» бағдарламалары арқылы және облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Бүгінде бұл мақсаттағы жұмыстар толық аяқталған.

Руслан Нұрмағанбетов, облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:

- Дайындық барысында жоспарланған жұмыстардың бәрі кестеге сәйкес орындалды. Қазіргі таңда 14 шақырым жылу желілерінің жеті шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болса, алты шақырымнан астамына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Күннің суытуына байланысты Қызылордада жылу беру бес күнге ерте басталды. Облыс бойынша 1183 әлеуметтік нысанға және орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 713 көпқабатты тұрғын үйге жылу тұрақты берілуде.

Елмұрат Рахматуллаев, қала әкімінің орынбасары:

- «Жылу жоқ» деген мәселелерге келетін болсақ, тұрғындардың өздерінің кооперативтері бар. Бұл – ТКШ-мен жұмыс жасамағанның аясында болып жатқан ақаулар.

Мамандардың мәліметі бойынша, облыстағы 1183 әлеуметтік сала нысандарына алдағы жылу беру маусымында 40 мың тоннадай қатты және 26 мың тонна сұйық отын, ал жергілікті тұрғындарға 163 мың тонна көмір қажет екен. Қазіргі таңда тұрғындарға қажетті көмірдің 113 мың тоннасы жеткізілген.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев