Хабар телеарнасы

Санитарлық талапқа неге салғырт қарап жүрміз?

Бұл індетті қайта өршітуі мүмкін. Әлі алда вирустың екінші толқыны болатынын да ұмытпауымыз керек. Мысалы, карантин тәртібін бұзу дерегі 47 процентке көбейіп кеткен. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.

«Халық санитарлық талапқа салғырт қарап, босаңси бастады. Бұның салдарынан коронавирусты жұқтырғандардың саны өсуі мүмкін», – деп алаңдаулы Алексей Цой. Бетперде тақпағандарға қатысты бір айда 1 мыңнан астам әкімшілік шара қолданылған.

Жалпы Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, шілденің 5-і мен қыркүйектің 29-ы аралығында 50 мың рейд жүргізіліп, 28 мың ереже бұзушылық анықталыпты. Жасырын той жасап, ас беруге қатысты 600 дерек тіркелген. Жергілікті бас санитарлық дәрігердің қаулысымен 2 өңірде 4 блок бекет пен 2 санитарлық пост қойылды. Алексей Цой елде індет өршіп кетпеуі үшін шетелдермен әуе қатынасын жандандыруды тежей тұру керектігін айтты.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Шетелдерде жағдайдың ушығып бара жатқандығына байланысты қазанның 5-інен бастап қосымша әуе қатынастарды ашуды тоқтата тұру ұсынылады. Ал осы уақытқа дейін қайта іске қосылған бағыттарды ары қарай кеңейтпеу керек. Бұған қоса Түркия еліне ұшуды қысқарту қажет.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:

– Облыстардың бас санитарлық дәрігерлерінің қаулыларына сәйкес, 2 өңірде 4 блок бекет және 2 санитарлық бекет қойылды. Бұдан басқа полция қызметкерлері 299 карантиндік объектіні бақылайды.

Шетелдерде басталған екінші толқынға дайындық пысықталуда. Қазір денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымы дамытылып жатыр. Бұл жайында Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр айтты.

Ал Үкімет басшысы Асқар Мамин Қазақстан аумағына шетелден келетін адамдарға қатысты санитарлық-карантиндік бақылауды күшейту шаралары Ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралатындығын айтты. Бұған қоса, Премьер-министр Денсаулық сақтау министрлігіне 15-ші қазанға дейін қажетті техниканы, жабдықтар мен қорғаныш құралдарын сатып алып, өңірлерге жеткізуді тапсырды.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– Еліміздің 12 аймағында әрқайсысы 200 төсектік модульдік ауруханалар салынуда. 9 аймақта құрылыс монтаж жұмыстары ағымдағы аптаның соңына дейін аяқталады. Қызылорда, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында қазан айының соңына дейін аяқталады. Автобус негізінде жасалған отандық жылжымалы медициналық кешені рентген, ЭКГ және ультрадыбыс сияқты қажетті цифрлық жабдықтармен жабдықталған. Сонымен қатар тиісті медициналық аймақтарға бөлінген.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі

– Жалпы елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды. Вирустық репродуктивтік деңгейі 0,93 құрап отыр. Бұл қабылданып жатқан шаралар тиімділігін көрсетеді. Дегенмен, әлемде және бірқатар шекара маңындағы елдердің эпимдемияның тұрақсыздығын ескеріп, біз санитарлық талаптарды сақтау шараларын күшейту керекпіз. Мүдделі мемлекеттік органдармен өңірлердің әкімдіктері санитарлық-эпидемиологиялық іс шараларды 100 пайыз дайындығын қамтамасыз етсін. Санитарлық режимді бұзудың кез келген жағдайының жолын кесу қажет.