Хабар телеарнасы

ҚКХП отырысында еліміздегі зейнетақы жүйесі талқыланды

Оған партия мүшелерімен қатар қоғамдық ұйым өкілдері мен саясатттанушылар қатысты. Қоғамдық тыңдауда айтылған маңызды ұсыныстың бірі – еліміздегі зейнетақы жүйесін реформалап, ізгілендіру. Зейнетке шығу жасын ұлғайту туралы пікірлер негізсіз. Өйткені қазіргі әлеуметтік ахуал мен халықтың өмір сүру көрсеткіші ескерілмейді. «Тіпті зейнет жасына жете алмай жатқандар қаншама», – дейді партия өкілдері. Сонымен қатар адамның еңбек өтілі мен мамандығы бойынша зейнетақысы әділ есептелмей отыр. Мәселен, көп жыл бойы әскери ұшқыш, кенші, диқан болып еңбек еткендер ең төменгі зейнетақы алады. Сонымен қатар партия өкілдері зейнетақы қорын басқарушы кеңестің құрамында міндетті түрде қоғамдық ұйым және партия өкілдері болу керек деп санайды.

Гүлдана Хасенова, ҚКХП Алматы қалалық комитетінің мүшесі:

- Төменгі зейнетақы деңгейін көтеру керек. Өйткені қазіргі заманға сәйкес бағалар да қымбат. Ал енді зейнетақы алдында жұмыссыз қалған 50-ден асқан ер азаматтар мен әйелдер санатымен ешкім шұғылданбайды. Олар қалай өмір сүріп жатыр? Зейнетақыға жеткен де жоқ.