Хабар телеарнасы

Жамбыл облысындағы ауылдарға көшкен құм қауіп төндіріп тұр

Шөлейтте соққан жел суырып, қора-жайларды үріп тастапты. Салдарынан жайылым да тарылып барады. Ал ауыл тұрғындары құмды қолмен тазартып әлек. Амалы таусылған халық құмды тежеуге жәрдем сұрап отыр.

Ғалымжан Өтеулиев те құмның қорлығын көріп отыр. Қазір оның қора-жайын басып, үйіне кіруге сәл ғана қалып тұр. Ауыл тұрғыны: «Түбінде баспанам құмның астында қала ма?», – деп қауіптенеді. Ол күн сайын үйіліп қалатын сырғыма құмды сыпырып тұруға мәжбүр.

Ғалымжан Өтеулиев, Үшарал ауылының тұрғыны:

- Жылдан-жылға құм көшкінінің биіктігі осы қорамен бірдей болды. Қазір қораның бәрі осындай болды. Ал биіктігі осы жерден 3-4 метрдей болады. Сенбесеңіздер, қораның ішіне кіріп көріңіздер.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Міне, ауыл. Ауылдың орталық көшесі. Ал мынау – құм. Елді мекеннің күнбатыс беткейінен соққан жел, сусылдаған құмды ауылға қарай суырып жатыр. Жұрт оны тоқтату үшін, міне, мынадай етіп шеңгелден тоқып, тосқауылды қолдан жасаған. Алайда бұл да жылдар өткен сайын тозған. Салдарынан құм біртіндеп ауылға қарай кіріп барады. Енді құм осылай көше беретін болса, бірінші болып мектепті басады.

Үшарал ауылындағы бұл проблема бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Желдің өтіне сексеуіл, жиде сияқты ағаштар отырғызылыпты. Құм біраз уақыт тоқтағанымен, араға жылдар салып қайта көше бастады. Құмның жылжығанын мамандар да растап отыр. «Негізгі себеп орман шаруашылығы қорындағы ағаштардың өртеніп, өскіннің азаюы», – дейді олар.

Сымбат Бейсенов, Ақкөл орман шаруашылығының инспекторы:

- Құмның көшетін жері осы ауылдың маңайы. Себебі алдында ешқандай пана, төбелер жоқ, ағашты ауылдың жиегіне егу керек. Мына ауыл іргесіне қарай жақындап келе жатыр. Оны тоқтату үшін осы майда бұталарды, сексеуілді көп егу керек. Сонда ғана бұл құм тоқтайды.

Құмды аймақ Жамбыл облысының 5 млн шаршы шақырым жерін алып жатыр. Мамандардың мәліметінше, 10 шақты жыл бұрын бұл орман қорының 90 процентке жуығы өртеніп кеткен. Биылдың өзінде от орман қорының 41 мың шаршы шақырымын шарпыған. Мамандар: «Құмдағы орман қорын арттыру ісін қолға алу керек», – деп санайды. Бұл жағдай дер кезінде қолға алынбаса, құмдағы ауылдар экологиялық апатқа ұшырауы мүмкін.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев