Хабар телеарнасы

Атырауда 2018 жылы қырылған балықтың шығыны әлі өтелмеген

Енді соның кесірінен тауарлы бекіре өсіретін шаруашылық 36 мың дана балықтан айырылып, жұмысын тоқтатты.

Жалпы табиғатқа келген залал 1,5 млрд теңгеден асады. Сот өзеннің улануына Атырау су арнасы кәсіпорнын кінәлі деп тапты. Алайда шығынның қашан өтелері белгісіз.

2018 жылы бұл шаруашылықта 36 мың дана бекіре өсіріліп жатыр еді. Олар сол жылы алғашқы 5 т қара уылдырықты экспортқа шығаруы тиіс болатын. Алайда аяқ астынан барлық балық қырылып қалып, шығын 1,5 млрд теңгені еңсерген. Содан бері шаруашылық сотқа арызданып келеді. Бірақ әлі күнге нәтиже жоқ.

Самат Ахсамбиев, тауарлы балық шаруашылығының өкілі:

- 2018 жылы біз жүз тоннадан астам бекіре балығынан айырылдық. Сот үкімімен су арнасы мекемесінің үш басшысы жауапқа тартылды. Бірақ жеке тұлғадан қомақты шығынды өндіру мүмкін емес. Сондықтан біз облыстық әкімдікті сотқа бердік. Бірақ әзір еш нәтиже жоқ. Егер балық шаруашылығына осындай көзқарас қалыптасса, салаға ешкім де инвестиция салмайды.

Сол жылы Жайық өзенін мекен еткен сазан, құты, ақмарқа сынды 7 тоннаға жуық балық қырылған. Табиғатқа келген шығын 14 млн теңгеге жуық. Оның да өтелетін түрі жоқ.

Әйгерім Айтқожақова, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының заңгері:

- Сот үкімі бойынша қазіргі уақытта облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясымен берілген талап-арыз бойынша ешқандай бізге келтірілген шығын орны толтырылған жоқ.

Бауыржан Тұхфатов, облыстық ТКШ басқармасының басшысы:

- Бұл – тек соттың шешімімен болатын зат. Бұл жағдайға Атырау облыстық әкімдігі кінәлі емес деп есептейміз.

Бүгінде тараптардың арызы облыстық сотта қаралып жатыр. Ендеше су арнасы кәсіпорнының құрылтайшысы болып табылатын әкімдіктің кінәсі бар ма, жоқ па сот шешеді. Ал тұралап қалған шаруашылық салаға қайта қаражат салуды бастады. Бірақ даумен басталған бизнестің болашағы күмәнді болып тұр.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Келген шығынға қарамастан шаруашылық бизнесті қайта жалғастырып жатыр. Бүгінде мына шарбақтарда 600-дей бекіре балығы өсіріліп жатыр. Алайда оның болашағы қандай боларын бизнес иелері де, болмаса балық шаруашылығы басындағылар да айта алмайды.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев