Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысында жел электр стансасы салынады

Өңір басшылығы осы бағытта инвестиция салуға ниетті шетелдік компаниямен келіссөз жүргізді.

 Жоспар бойынша аймақта қуаттылығы 500 мВт жел электр станциясы бой көтеруі тиіс. Нәтижесінде дәстүрлі энергия көздеріне тәуелділік едәуір азаяды деп күтілуде.

Экологиялық мінсіз энергия көзін адамзаттың игілігіне жарату – жаһанның бүгінгі басымдық беріп отырған бағыты. Сондықтан елімізде де жасыл энергетика адымдап дамып келеді. Мәселен, «RG Renovatio Group» компаниясы бұған дейін Қызылорда облысында күн электр стансасының құрылысына кіріскен болатын. Ал еліміздің батысына жел электр стансасын орнатуды жоспарлап отыр. Кәсіпкер Ақтөбе облысының инвестициялық мүмкіндіктеріне оң баға берген.

Джеймс Колтер Эдди, «RG Renovatio Group» компаниялар тобының басқарушы кеңесшісі:

- Қазір Қазақстанда қайта жаңғыртылатын энергия көзін дамытуға барлық жағдай жасалған. Оның негізгі мақсаты да аян. Себебі энергияның бұл түрі болашақта дәстүрлі көмір және көгілдір отынмен бәсекеге түседі.

Ақтөбе облысының ауа райы мен кең даласы жел электр стансасын орнатуға мінсіз орын екендігі бұған дейін де дәлелденген. Себебі өңірде қуаттылығы 48 мВт болатын өндіріс орны жұмыс істеп тұр. Географиялық мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін метео қызметтің ондаған жыл бойы жүргізген зерттеу жұмыстары да инвесторларға ұсынылған.

Қайрат Бекенов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:

- Барлық тетік инвесторға ұсынылады. Жобалардың пулын бұдан әрі кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Біздің жұмысымыздың ең басты принципі – өзара тиімді инвестициялық бастаманы қолдау және оны соңына дейін жеткізу.

Аталмыш компания бұған дейін Польша мен Португалия, Румыния мен Колумбия сияқты сияқты елдерде қуаттылығы 2300 мВт-тан астам жел электр стансалары жобасын жүзеге асырған. Тәжірибелі мамандар Қазақстанның байтақ даласын да экологиялық таза өніммен қамтуды көздеп отыр. Осы мақсатта бірінші кезекте Ақтөбе облысының Хромтау, Қарғалы және Мұғалжар аудандарын зерделейтін болады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков