Хабар телеарнасы

Алматыда металл өңдеу кешені іске қосылды

Қазір өндірістік аймақта 13 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін тағы 9 жоба іске қосылмақ.

Бұл мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Шілде айында ашылған металл өңдейтін зауыт күніне 50 дана жылжымалы темір қақпа шығаруға қауқарлы. Отандық нарықтан бөлек көршілес Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне өнімдерін жөнелтетін кәсіпорында 42 адам жұмыспен қамтылған. «Бизнесті дамытуға индустриалды аймақтың берер мүмкіншілігі көп», – дейді кәсіпорын өкілі.

Алексей Ленский, кәсіпорынның коммерциялық басшысы:

– Ауқымды өндіріске Алматыдан ғимарат табу өте қиын. Жалға алу бағасы өте қымбат. Ал индустриалды аймақтан жер алып, кәсіпорын салу әлдеқайда тиімді. Біздің кәсіпорын 6 мың шаршы метр жерді алып жатыр. Мұндай мүмкіндік тұтынушының талабын ескеріп, сапалы өнім шығаруға жол ашады.

Индустриалдық аймақтың басты мақсаты да сол: кәсіпкерлікті қолдау. «Ыңғайлы инфрақұрылым мен электр қуатының төмен тарифы түптеп келгенде шығарылған өнімнің бағасының арзан болуына әсер етеді», – дейді мамандар. Кәсіпорындарға қойылатын басты талап – инновациялық өнімді шығарып, импортты алмастыру.

Асқар Білісбеков, «Алматы» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы:

– Индустриалдық аймаққа жобаларды таңдаудың бірнеше ережесі бар. Ең бірінші кезекте кәсіпорын қазақстандық үлесті арттыруға басымдық беруі тиіс. Кезең-кезеңімен болса да, бұл талап орындалуы керек. Сонымен қатар экспортқа бағытталған өнім шығару міндетті.

Алматының индустриалды аймағына жобалық құны 261 млрд теңге болатын 60 компания кіреді. Қазіргі уақытта 13 кәсіпорын толық қуатында жұмыс істесе, 47 жоғары технологиялық жоба жүзеге асырылу кезеңінде. Коронавирус қаладағы бизнес нысандарына оңай соқпағаны анық. Дегенмен, өндірістік аймақтағы кәсіпорындар жұмысын тоқтатпаған.

Хадиша Бижан, компания басшысы:

- Бірде-бір рет тоқтаған жоқпыз. Әрине, қиындықтар болды. Қала сыртындағы қызметкерлеріміздің көбі кіре алмай қалды. Оларды өзіміз жатақханаға орналастырдық. Сөйтіп қиындау болса да, біз ол жағдайдан шықтық.

Жыл соңына дейін индустриалдық аймақта автокөлік және медициналық мақсатта диагностикалық тест шығаратын, жылу газоблоктары мен желдету жүйелерін өндіретін, жылу оқшаулайтын материалдар шығаратын 9 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев