Хабар телеарнасы

Сенат Денсаулық кодексі жобасын Мәжіліске қайтарды

Қылмыстық істі қозғауға сараптама комиссиясының қорытындысы қажет болады. Денсаулық кодексі жобасына осындай норма енгізіліпті. Бұл дәрігерлерді жазалауды қайта қарау туралы Президент тапсырмасын орындауға байланысты. Сенаторлар денсаулық туралы заң жобасына түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарды.

Бүгінде мемлекеттік дәрілік заттар тізімінде Бельгия, Франция, Нидерланды, Ресей, Қытай және өзге де елдерде өндірілген 64 вакцина тіркелген, бір екпе ғана отандық. Қоғамда дау тудырған осы вакцинация талаптары жаңа Денсаулық кодексінде тайға таңба басқандай айқын көрсетілді. Екпе тек ата-ананың ықтиярымен ғана жасалады. Дәл осы нормаға сәл түзету енгізген сенаторлар жобаны Мәжіліске қайтарды.

Серік Бектұрғанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Кодексті талқылау кезінде міндетті екпеден бас тарту мүмкіндігіне күмән келтірген пікірлер айтылғандықтан, ата-аналардың еркін, саналы шешім қабылдау құқығын бекіту жөн деп санаймыз. Бұл медициналық шараларға келісу немесе бас тарту деген азамат құқығына «профилактикалық екпелерді қоса алғанда» деген сөз тіркесі қосылады.

Екпеден бас тартқандар вакцинаның сапасына күмән келтіреді. Әрі кері әсері бар деп те жүр. Мамандар шетелдік вакцина өндірісі толық тексерілетінін айтып отыр.

Сәуле Бүркітбаева, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ұлттық сараптау орталығының үйлестірушісі:

- Сарапшылар вакцина шығаратын өндіріске барып, олардың жабдықтарын, мүмкіндіктерін стандарттар мен алгоритмдер бойынша тексереді. Содан кейін барып, ұлттық халықаралық стандарттар бойынша аккредитациядан өткен зертханаларында тағы зерттеулер жүргізіледі.

Перзентханадан бастап балаларға салынатын 11 вакцина бар. Қосымша үш ерікті екпе бар. Осыны халыққа түсіндіру қажет. «Бұл ретте салалық журналистерді әзірлеу керек», – деді депутат Дана Нұржігіт.

Дана Нұржігіт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Міне осының аражігін ажырату үшін ең бастысы бізде насихат жұмысы, оқу ағартушылық жұмысы дұрыс жолға қойылу керек. Бұл жерде тағы бір проблеманың шеті көрінеді. Дәл осы медицина тақырыбында жазып жүрген мықты журналистерді көбейту керек. Қоғам мен осы сала арасындағы дәнекер мықты болса, мұндай екіұшты әңгімелер, дау туындамайды деп ойлаймын.

Соңғы үш жылда елімізде дәрігерлерге қарсы бір мыңнан астам қылмыстық іс қозғалған. Мемлекет басшысы жазаны қайта қарауды тапсырды. Сенаторлар осыған қатысты та түзету енгізді. Егер қателікті лауазымды адамдар жасамаса, ауыр зардаптарға әкелмесе, клиникалық зерттеулер жүргізу, емдеу әдістерін бұзу әкімшілік құқықбұзушылық болып саналмақ. Негізсіз өтініштермен дәрігерлер қудаланбауы үшін қылмыстық іс қозғауға сараптама комиссиясының қорытындысы қажет болады.

Денсаулық кодексі жобасы сегіз ай Мәжілісте талқыланды, қоғамның барлық өкілінің пікірі ескерілді. «Заң қабылданса, ұлт саулығын нығайту сапасы әжептеуір жоғарылайды», – дейді сенатор Мұрат Бақтиярұлы.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұл кодекс негізінен Елбасының, Президенттің тапсырмасына сай жасалған болатын. Соның ішіндегі темекі, оны ауыстыратын жасанды темекілер көп, оны шектеу шараларын күшейту керек. Екіншіден, үлкен қалалардағы халықтың түнгі тыныштығын сақтау мәселесі. Түнгі сағат 22:00-ден бастап таңғы сағат 09:00-ге дейін ұлғайттық. Дәрі-дәрмек мәселелерінде де сапасына қатысты көптеген қатаңдату шарасы көзделген.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, бұл құжат отандық медицинаның өркендеуіне жол ашады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Кодекс жобасы Сенаттың барлық комитетінде жан-жақты әрі мұқият пысықталды. Қоғамда талқыланып жатқан өзекті мәселелер қаралып, ұтымды пікірлер айтылды. Соған сәйкес Сенат Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс жобасына және ілеспе жобаға бірқатар маңызды түзету енгізді. Олар ең алдымен Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында денсаулық сақтау саласына қатысты тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.

Жобада жергілікті өкілетті органдардың құзіреті және санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманың қандай тауарларға жүргізілетіні де нақтыланды.

Авторы: Индира Жылқайдарова