Хабар телеарнасы

Елімізде 1 маусымнан бастап теміржол қатынасы жанданады

Сақтық шараларын мүлтіксіз орындауға тура келеді. Әзірге 37 пойыз әртүрлі бағытта жолға шығады. 10 маусымда теміржол байланысын іске қосудың екінші кезеңі басталғанда тағы да бірнеше бағыт ашылмақ. Ал жолаушыларға қойылатын басты талап – маска тағып, қолғап, антисептикалық құралдарын өзімен бірге алып жүру.

Індет көп саланың жұмысын тежеді. Теміржол байланысы толық 2 ай тоқтап тұрды. Енді карантин жағдайында жұмысты жалғау үшін қатаң талаптар орындалуы тиіс. Сапаржай аумағына тек билеті бар, маска таққан жолаушы ғана тексеріспен кіргізіледі. 

Мәди Мұхаметқали, «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі:

- Жолаушы жолына шықпас бұрын алдын ала өзінің үйінде отырып, температурасын тексеруі керек. Вокзалдың алдында, әрине, біздің қызметкерлер де тексереді. Егер жолаушы өзін әлсіз, жайсыз сезініп жатса, онда жолсерікке хабарлауы керек. Жолсерік сол жолаушыны өзге купеге отырғызып, содан кейін машинистке хабарын береді.-

Жолаушыларды қабылдамас бұрын әр вагонның сыртқы аумағы дезинфекцияланады. Сапарға шыққандар арнайы тәртіпке бағынуы тиіс. Анкетаға аты-жөні туған күні, азаматтығы, жұмыс орны, қайда бара жатқанын көрсетуі шарт. Осы анкетаны әр жолаушы кірген азамат толтыруы тиіс.

Ал вагон ішінде ережені бірнеше қайтара бұзғандар табылса, жолсерік тәртіп сақшысына жүгіне алады. Вагондарды 10 минуттан тәулігіне 3 рет тазарту міндет.

Мәлік Баймұратов, жолсерік:

- Пойызда отырған кезде бір метр арақашықтықты ұстап отыру керек. Тәулігіне төрт мезгіл дезинфекция өткіземіз. Ал салон ішінде тәулігіне екі рет жасап тұрады. 20-30 минут тұратын ірі станцияларда кісілер сыртқа шығып, алатын тамақтарын алады, 5 минут тұратын станцияларда шығуға рұқсат бермейміз.

Қосымша талап: әр жолаушы маскадан бөлек қолғап, антисептикалық құралын өзімен бірге ала жүргені дұрыс.

Индира Жылқайдарова, тілші:

- Пойыз ішінде бұрынғыдай азық-түлік саудасы жүрмейді. Мейрамханалар да әзірге жұмыс істемейді. Сондықтан салмақты себепсіз, бейсауат вагоннан-вагонға өтуге шектеу салынған. Ал плацкарт орындарда да, купелерде де жолаушыларды отырғызу тәртібі өзгермейді. Яғни билеттер бұрығныдай сатылады.

Жолаушыларды шығарып салушылар пойыз түгілі вокзал аумағына да кіргізілмейді. Ал сүйемелдеусіз жүре алмайтын жандарға көмектесетін арнайы қызметкерлер болады. Қызмет тегін.

Ғалым Әбдіханов, Нұр-Сұлтан-1 вокзалының басшысы:

- Зейнеткерлер мен мүгедектерге арнайы адамдар көместесетін болады. Олар пойызға дейін шығарып салады.

Вагондарда пайдаланылған қорғаныш құралдарын арнайы жинайтын қоқыс жәшіктері орнастырылған.

Индира Жылқайдарова, тілші:

- Көріп тұрғандарыңыздай вокзалдағы күту залдарында ереже сақталған. Яғни адамдардың арақашықтығы бір метр болуы үшін орындықтарға арнайы белгілер орнатылған. Еденге арнайы ескерту жолағы да жапсырылыпты.

Жалпы теміржол билеттері 15 мамырдан сатылымға шықты. Бүгінге дейін жолаушылар 270 мыңдай билет алса, оның 140 мыңы онлайн саудаланған. Көрші елдерге келсек, Қырғызстан ішкі теміржол рейсін қашан іске қосатыны белгісіз. Кейбір бағыттарын ғана тоқтатқан Ресей 15 маусымнан халықаралық рейстерін ашады. Ал Өзбекстан 18 мамырдан ел арасында пойызбен қатынай бастады.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Нұрлан Малгелдиев