Хабар телеарнасы

Алматыда ұлттық парк аумағын ластағандар жауапқа тартылады

Олар оқшаулану кезінде Көкжайлауда сауық-сайран құрып, табиғатты әбден ластаған. Бұл жөнінде қала белсендісі өзінің әлеуметтік парақшасында жазба қалдырып, демалушылардың өрескел әрекетін әшкереледі.

Қазір осы мәселе жөнінде Алматы қаласы Медеу аудандық полиция басқармасы тексеру жүргізуде. Тәртіп бұзып, ауаны ластаған азаматтар әкімшілік қана емес, қылмыстық жазаға тартылуы әбден мүмкін.

Көкжайлаудағы көргенсіздік көпшіліктің ашу-ызасын туғызды. Біріншіден, Іле Алатауының ең көрікті жеріне көлікпен баруға тыйым салынған. Екіншіден, демалушылардың ол жерді қалай ластап кеткенін көрсеңіз, төбе шашыңыз тік тұрады. Бұл көрініске бірінші алматылық тұрғын Нұрбол Нұрәлин куә болыпты. Салауатты өмір салтын ұстанатын ол әр жексенбі күндері табиғат аясында серуендейді екен.

Нұрбол Нұрәлин, қала тұрғыны:

- Жатқан жерінде адамдар түнде үлкен дәретке барған. Өз артынан жинамаған. Шынын айтсам, көп қоқысты көргенде жүрегім айныды. Содан Instagram желісінде үндеу жаздым. Өйткені ол жерге басқа адамдар, тіпті кішкентайлар да барады. Тіпті бізге шетелден қонақтар келеді. Сондықтан темекі шегіп, ішімдік ішіп, қоқыс тастауға болмайды.

Нұрболдың айтуынша, демалушылардан кейінгі қоқысты тазалау қиынға соққан. Ішімдік бөтелкелері мен ыдыс-аяқтар, қағаз бен тамақ қалдықтарын да жинамаған.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі:

- Бұл деректі Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тексеру үстінде. Полицияға бұл жайт бойынша 102 пультіне дер кезінде түскен жоқ. Біз бұл жайт туралы әлеуметтік желілерден енді білдік. Міндетті түрде заң аясында шешім қабылдайтын боламыз. Қоқыс тастағаны және карантин кезінде көпшілікті жинағаны үшін азаматтар міндетті түрде заң алдында жауап береді.

Қала төрінде сауық-сайран құрғандар санитарлық талаптарды да сақтамағаны көрініп тұр. Оларға демалуға кім рұқсат берді, бақылау бекетінен қалай өтті деген мәселе қазір анықталып жатыр.

Ерлан Қожағапанов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:

- Бұл – ұлттық парк. Өздеріңіз білесіздер, ұлттық паркке ешкім рұқсатсыз кіруге болмайды. Оның үстіне бұл кісілер көп адам жинап, концерт өткізіп, қоқыс төгіп кетіп қалыпты. Сондықтан бұл азаматтардың үстінен нақты істер қозғалатын болады.

Экология, геология және табиғат ресурстары министрлігі тау бөктерінде сауық құрғандардың жол талғамайтын көліктегі жүргізушісіне 100 АЕК көлемінде айыппұл салынғанын хабарлады. Таза ауада демалғысы келетіндер табиғатты аялап, тазалық сақтауды естен шығармаса екен дейміз.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев