Хабар телеарнасы

Қостанай облысындағы 24 гидроқұрылғы шұғыл жөндеуді қажет етеді

Соның төрттен бірі күрделі жөндеуді қажет етеді. Жарты ғасыр бұрын салынған су бөгеттерінің әбден тозығы жетіпті.

Биыл солардың бірқатарын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынбақ.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Ұзындығы 1 шақырымнан асатын бөгет өткен ғасырдың 60-жылдары салынған. Соның арқасында жасанды көл пайда болды. Аумағы 4 мың шаршы метрден асатын бұл көл ауыл малының суаты және бау-бақшаны суару үшін пайдаланылады. Қар көп түскен жылдары су бөгеттің жоғарғы жиегіне дейін жетеді екен. Тіпті шайып кету қаупі бар. Сондықтан бөгет күрделі жөндеуді қажет етеді.

Наурызым ауданының Шолақсай ауылы маңындағы бұл тоспа топырақ үйіндісінен тұрғызылған. Алқаптардан келетін ағынды  және бұлақ суымен толығып отыратын жасанды көлдің жергілікті халық үшін маңызы зор. Алайда бөгетті жырып кетіп, ауыл адамдарын әуреге салған кездері де болды. Әсіресе 4 жыл бұрынғы 3 адамның өмірін жалмаған су тасқыны ел жадынан ұмыт бола қойған жоқ.

Сәбит Ізделеуов, Шолақсай ауылының тұрғыны:

- Мынау – ескі бөгет. Ескісін осы жерден бұзып өтті. Жырып өткен кезде мынау етегіндегі саймен ар жағындағы үлкен мұздарды соған дейін апарды. Мұздың биіктігі сонда екі метрдей болды.

Енді ондай тосын жағдайға жол бермес үшін биыл бөгетті күрделі жөндеуден өткізбек. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 99 млн тенге бөлініп отыр.«Еңбекпен қамту» бағдарламасына енгізілген жобаны екі айдың ішінде жүзеге асыру жоспарланған.

Нұрболат Кәкіров, мердігер:

- Біз осы аралықта көл жағалауын бетон плиталармен бекітеміз. Оның астына су өткізбейтін мембрана, 20 см қалыңдықта бетонмен араластырылған қиыршық тас төсейміз. Бөгеттің биіктігін 1,5 метрге көтереміз.

Қостанай облысында 100-ден астам гидротехникалық құрылым бар. Мамандардың бағалауынша, соның 24-і шұғыл жөндеуді қажет етеді. Биыл «Еңбекпен қамту» бағдарламасы бойынша Наурызым, Аманкелді және Жангелдин аудандарындағы 4 бөгет күрделі жөндеуге ілігіп отыр. Оған ортақ қазынадан 424 млн теңге жұмсалады. Жүзге жуық адам жұмыспен қамтылады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг