Хабар телеарнасы

Маңғыстау облысында карантин ережесін қадағаламаған ауыл әкімі қызметінен босатылды

Қарақия ауданына қарасты Сенек ауылында 10 шақты күннің ішінде 23 жағдай анықталып отыр. Індет алдымен ас берген үйден шыққан. Кейіннен сол жиында болған біраз адамға жұққаны белгілі болды. Аядай ауылда карантин ережесін сақтауды қамтамасыз етпегені үшін облыс басшысының шешімімен ауыл әкімі жұмыстан шеттетілді. Ал аудан әкіміне сөгіс жарияланды. Қазір ауылға кіреберіс тұсқа блокбекет қойылып, күзет күшейтілген. Вирус көп тараған аудандар арасында Бейнеу мен Қарақия көш бастап тұр.

Жалпы 3 наурыздан бері аймақта 11 186 адам коронавирусқа тексеріліп, індет 129 адамнан анықталған. Айта кетейік, Маңғыстау облысында карантин мамырдың 25-іне дейін ұзартылды.

Ерғали Сыдыманов, Маңғыстау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:

- Облыс көлемінде тіркелген 129 жағдайдың ішінде сырттан келгендері – 5 жағдай. Біз Ыстамбұлдан бір жолаушы келді. Сонымен бірге Санкт-Петербург пен Астраханьнан студенттер келді. Жалпы коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі бойынша жергілікті жағдай саны – 36. КВИ жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған 88 жағдай тіркелді.