Хабар телеарнасы

СҚО-да Жеңіс күнін 52 соғыс ардагері қарсы алды

Мәселен, қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері Иван Клименконың үйіне барып, шат-шадыман көңіл-күйге бөледі.

Иван Клименко қан майданға 1945 жылдың сәуірінде аттанды. Соғыстың соңы болса да, көргені аз емес. Мысалы Кенигсберг түбіндегі шайқас оның мәңгі есінде қалды.

Иван Клименко, соғыс ардагері:

- Бір кезде фашистік алыстан ататын кемеден оқ қарша борады. Оны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Командирлер: «Өздерің шығыңдар», – деді. Санаулы адам аман қалдық. Түсте бірге тамақ ішкен жауынгерлер жер жастанды.

Жас жігіт бір соғыстан екінші соғысқа түсті. Қарт майдангер кейін жапондарға қарсы шайқасып, үйіне 1951 жылы оралған. Жеңіс күні қарсаңында оны қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері құттықтады.

Рустан Ахметжанов, СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы:

- Біз сізге шын жүректен бас иіп алғыс айтамыз. Сіздің ерлігіңізді бағалаймыз. Ардагерлер арамыздан азайып барады. Әрдайым көмектесуге дайынбыз.

Иван Клименко соғыстан кейін құрылыс саласында еңбек етті. 50 жыл Алматыда тұрып, Петропавлға көшті. Қазір 93-те. Жалғыз тұрады. Бірақ көпшіл.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев