Хабар телеарнасы

Қазақстанда ойын-сауық орталықтары мен саябақтар әзірге жабық болады

Қазақстанда ойын-сауық орталықтары мен саябақтар әзірге жабық болады

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетіне байланысты жасаған мәлімдемесінде осылай деді. «Ойын-сауық және сауда орталықтары, кинотеатрлар, ресторандар, саябақтар мен адам көп жиналатын басқа да орындар әзірге жабық болады. Жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер қашықтан оқытуды жалғастыра береді. Ел тұрғындарын бұл шараларға түсіністікпен қарауға шақырамын. Халқымызда «Төзім тілекке жеткізеді» деген мақал бар. Сондықтан сабыр сақтайық», – деді Мемлекет басшысы.

Күннің жылынуы мен карантиннен шаршағандық жауапсыздыққа себеп болмауы керек екенін айтып өтті. «Карантин режимі бұзылса, коронавирусқа шалдыққандардың саны күрт көбейіп кетуі мүмкін. Әсіресе, созылмалы ауруы бар және егде адамдар ерекше сақ болуы керек. Тіпті кішкентай балалар да ауру жұқтыруы мүмкін екенін байқадық. Сондықтан олардың денсаулығына бей-жай қарауға болмайды. Әзірге бұл вирустың вакцинасы жоқ. Карантин шараларын қатаң ұстансақ қана індеттен құтыламыз», – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы аса қажеттілік болмаса, ешқайда шықпай, үйде отыруға шақырды.