Хабар телеарнасы

Ақтөбелік кәсіпкерлер бизнестің жаңа қырын игеруде

Ұланасыр той жасалып келген жерлер қазір босап, қызметтің бұл түріне сұраныс жоқ. Сондықтан мейрамханалар дайын ас пен жартылай даярланған азық-түлікті жеткізуді қолға алды. Бұл – жұмысшыларды нәпақасыз қалдырмаудың бір әдісі. Ал тігіншілер болса жаппай бетперде жасауға кіріскен.

Қалауша Садықова, кәсіпкер:

- Біздің мейрамханада 30-ға жуық азамат еңбек етеді. Қазір олардың барлығы кезектесіп жұмысқа шығып жүр. Бірде-бір маманды қысқартқанымыз жоқ. Шағын дүкендермен келісіп, жартылай әзірленген тағамдарды саудаға шығардық. Сапалы әрі арзан тауарға сұраныстың үздіксіз болатындығы айқын.

Анар Даржанова, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының Ақтөбе облыстық филиалының директоры:

- Халыққа бүгін не керек? Неге зәру болып отырмыз? Міне осы тауарларға бетін бұрды. Антисептик материалдарын да шығаруға мүмкіндік бар. Ол үшін бүгінгі күні спирт сатып алынуда. Компания бұрын тек қана әртүрлі химиялық реагенттер шығаратын болса, бүгінгі күні сол антисептикті шығаратын мүмкіндігі бар.