Хабар телеарнасы

Жамбыл облысында COVID-19 індетін жұқтырған науқас қырғыз еліне барған

Бішкек қаласына 15 шақырым жерде жүк тиеп, кері қайтқан. Оның коронавирусты жұқтырғаны белгілі бола салып, жедел түрде оқшауланды. Дертті жұқтырған науқаспен қанша адам қарым-қатынаста болған? Олардың қазіргі жағдайы туралы мәлімет бар ма?

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Ия, өкінішке қарай жаһанды жайлаған індет Жамбылға да жетті. Қазіргі уақытқа дейін науқастың эпидемиологиялық анамнезі жинақталып, тиісті дезинфекциялық шаралар қабылданған. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы таратқан мәліметке сәйкес, коронавирусты жұқтырған адам Шу ауданы, Бірлік ауылының азаматы екендігі белгілі болды. 29 жастағы тұрғын 22 наурызда Қырғызстан Республикасына кіріп, 23-і күні жүк көлігімен Қордай ауданы, Қарасу шекара бекеті арқылы ел аумағына өткен. Ал сол күні кешке тұрғылықты мекенжайы бойынша үйіне барған көрінеді. Мамандар бекітілен алгоритм бойынша жедел бақылауға алып, лабораториялық тексеру жүргізілді. Талдау оң нәтиже көрсеткен. Қазір ол жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр. Жағдайы тұрақты. Жалпы COVID-19 індетін жұқтырған науқас 13 адаммен қарым-қатынаста болған. Олар жедел тексеруден өткізіліп, алтауының талдаулары коронавирусқа теріс қорытынды берген. Қалған 7 адам бойынша анықтау-талдау жұмыстары әлі жүріп жатыр. Ошақтарда және тасымалдаған автокөліктерде зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілді.

Айта кету керек, қазір өңірге кірген немесе өткен әрбір көліктегі жолаушылар жіті тексеріліп жатыр. Аймақтың Сарысу, Мойынқұм, Қордай, Жуалы аудандарында 4 санитарлық бекет жұмыс істеп тұр. Мамандар адамдардың дене қызуын өлшеп, арнайы анкеталаудан өткізуде. Сондай-ақ емдеу мекемелерінде қосымша мыңнан астам орын әзірленген. Мамандар қазір ең бастысы дүрлікпей әрі қарай таралмау бағытындағы жұмыстарға жұмылу қажеттігін айтып отыр.