Хабар телеарнасы

Ертіс өңірінде коронавирусқа қарсы сақтық шаралар қолға алынуда

Бүгінгі таңда жергілікті билік тиісті жұмыстарды қолға алды.

Ақмарал Есімханова, тілші

 - Қайырлы таң, әріптестер! Кеше кешқұрым облыс әкімдігінде елімізде енгізілген төтенше жағдайға орай шұғыл жиналыс өткізілді. Қосымша профилактикалық шаралар қолға алынды.

Павлодарда арнайы жұмыс тобы құрылды. Бүгінде коммуналдық қызмет, жолаушылар тасымалы, азық-түлік нарығы, медициналық қызмет штатты режимде жұмыс істеп тұр. Бұл салалар жергілікті биліктің жіті назарында. Өткен аптада облыс орталығындағы екі кәсіпорын сақтық шаралары үшін медициналық өнімдер өндірісін іске қосылды. Енді өңірде бірреттік медициналық бетперделер мен зарарсыздандыру сұйықтығы шығарыла бастады. Отандық өнімнің қолдану мерзімі 5 жылға жетеді.

Асхат Оралов, облыс әкімінің орынбасары:

- Қазіргі кезде Павлодар облысында жағдай тұрақты. Коронавирус тіркелген жоқ. Бізде 544 медицина қызметкері алдын ала оқудан өтті. Жалпы аймақ бойынша комиссия құрылып, штаб тәулік бойы жұмыс жасауда. Арнайы жоспар қабылданды. Барлық медициналық мекеме арнайы дәрілермен жабдықталған. Негізгі мақсат – коронавирустық инфекцияны болдырмау және алдын алу. Шет елден келген азаматтар медициналық бақылауда. Бүгінгі күні 135 азамат шетелден келген. Олардан анализ алынды, ешкімнен коронавирус инфекциясы расталмады.

Айта кетейік, денсаулық сақтау қызметінің мамандары облысқа шет елден келген азаматтарды жіті тексеруде. Бұл бағытта жұмыс тобы құрылды. Бір өкініштісі, аталмыш жұмыс тобында 5 азаматтың жеке мәліметтері әлеуметтік желілер арқылы тарап кетті. Олар 10-ыншы наурызда Польшадан ұшып келген келген. Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша қызметтік тексеріс басталды. Азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзған кінәлілер жауапқа тартылатын болады. Жалпы дәрігерлердің айтуынша, өңірдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты.