10:00Әрі қарай: Кино «Глаза дракона»
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Елордадағы әскери оркестр құрамында 7 әйел өнер көрсетеді

  • Категория: Қоғам
Askeri aielder

Әскери бөлімде қызмет ететін әйелдердің өмірі көпшілікке қызық.

Оларды көбісі қатал, ер мінезді деп топшылайды. Бәлкім, қолдарына қару алып, тәртіпке мойынұсынғандықтан, бірбеткей болып көрінетін шығар. Алайда қызмет бабында қанша сап түзеп, оқ атса да, үйде аяулы жар, ардақты ана екенін ұмытпайды.

Елордадағы 5573 әскери бөлімінде осындай аруларымыз еңбек етеді. Тіпті теңін осы жерден тауып, шаңырақ көтергендері де бар екен. Қазір өнегелі отбасы әскери оркестрдің құрамында өнер көрсетеді.

Наталья Кузнецова әскери отбасында дүниеге келген. Нәзік жанды болса да, қайсар мінезді. Жастайынан қолына қару ұстап, сапқа тұруды мақсат еткен. Қазір 5573 әскери бөлімінде оркестр мүшесі. Кларнетті жанына серік еткен. Осылайша сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандардың рухын асқақтатып жүр.

Наталья Кузнецова, әскери оркестрдің мүшесі:

- Негізі мереке күндері де жұмыс істей береміз. Басшылық әйелдердің жұмысқа келмеуіне мүмкіндік береді. Кейде өз еркімізбен шығып жатамыз. Себебі біздің жұмысымыздың нағыз қызатын шағы да осы мейрам емес пе? Бізге халықтың көңілін көтеру, айналаны музыкамен тербеу, оларға қуаныш сыйлау ұнайды.

Натальяның жары өзімен бірге жұмыс істейді. Отау құрғандарына 9 жыл болыпты. Оларды таныстырған, табыстырған – музыка құдіреті. Қазір өнегелі отбасы бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.

Сергей Никитин, әскери оркестрдің мүшесі:

- Жұбайыма рахмет! Қазір бала-шағамыз бар. 6 наурыз – қызымыздың туған күні. Наурыз айы – біздің отбасы үшін мерекелі ай. Сондықтан арулар күніне дайындықты ерте бастаймыз. Сыйлық алып, айналамызға қуаныш сыйлауға тырысамыз. Одан тыс әріптестерімізбен бірге ұжымдағы қыз-келіншектерді құттықтау да дәстүрге айналған.

Бүгінде топ құрамында 7 әйел өнер көрсетеді. Үлкені – 43-те, ал кішісі – 21 жаста. Олар түрлі аспаптарда ойнаумен қатар, мергендік және жауынгерлік шеберліктерін шыңдаған. Қысқасы, өз ісінің нағыз мамандары.

Олжас Құдайқұлов, әскери оркестрдің нұсқаушысы:

- Мұнда келісімшарт бойынша сұрамайды. Мұнда қару ұстап та жұмыс атқарады. Бізде 15-20 жыл қызмет еткен аруларымыз бар. Олар жауынгерлік дайындықты да көрсете біледі.

Кез келген мерекенің көркін қыздыра түсетін жалынды оркестрдің құрамында кіл мықтылар өнер көрсетеді. Жалпы саны 42 жауынгер бар. Олар – өз шеберліктерімен талайды таң қалдырып, тамсандырған сарбаздар.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Серік Қоңырбаев

Сондай-ақ...