Хабар телеарнасы

«Ауыл» партиясының өкілдері қыз-келіншектерге құрмет көрсетті

Бұл тілектің барлығы Татьяна Култышеваға арналды. Ол – 20 жылда 15 құрсақ көтерген аяулы ана. Жұдырықтай жүрегіне жылылық пен ұлылықты ұялатқан жанды 8 наурыз мерекесімен «Ауыл» партиясының өкілдері құттықтап, құрмет көрсетті.

Кең болсаң, кем болмайсың. Бұл – тастай берік, гүлдей нәзік Татьянаның өмірлік қағидасы. Бұйырса, биыл ол 16-шы сәбиін дүниеге әкеледі.

Татьяна Култышева, 15 баланың анасы:

- Баладан асқан бақыт бар ма? Сондықтан бүлдіршіндеріміз ауырмай, жанымызда дін аман жүрсе, біз үшін соның өзі мереке деп есептеймін.

Темірғали Әбілмәжінов, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының СҚОФ төрағасы:

- Татьянаның өзін қандай екенін көріп отырсыздар. Жүрегі толған имандылық. Жүзі қандай, тұрысы, сөйлеген сөзі қандай?! Өте керемет ана.

Игілігі мол акция Түркістан облысында да жалғасты. Мұндағылар Оранғай ауылының 83 жастағы тұрғынын құттықтады. Әнжыр Қожамбердиева 11 қыз, 5 ұл тәрбиелеп, олардан бүгінде 67 немере, 55 шөбере сүйіп отыр. Отағасы екеуі өмір бойы теміржолда жұмыс істеген.

Әнжыр Қожамбердиева, 16 баланың анасы:

- Келіндерім аман болсын, осылар көйлек, орамал, бәрін әкеліп жатыр. Құдайға шүкір!

Нұржан Әжіметов, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы:

- Ұзақ өмір, денсаулық тілеп, бала-шағаларының қастарында болып, немере-шөберелерінің қызықтарына тоймай жүре берсін деп құттықтап жатқан жайымыз бар.

Мереке қарсаңында партия өкілдері тараздық Зульфия Ғабидуллинаны да назардан тыс қалдырмады. Ол – жүзуден паралимпиада чемпионы. Бүгінде спортшының қоржынында түрлі жарыстарда еншілеген 254 медаль бар.

Зульфия Ғабидуллина, Паралимпиада ойындарының чемпионы:

- Өте қуаныштымын. Арнайы келіп, тілектерін жаудырып жатыр. Алғысымды білдіремін. Барлық қыз-келіншекті келе жатқан мерекемен құттықтағым келеді.

Еліміздің мақтанышы атанған Зульфия Ғабидуллина қазір дайындық үстінде. Сәтін салса, қыркүйек айында ол Токиода өтетін байрақты жарыста бақ сынайтын болады.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов