Хабар телеарнасы

Қазақстанда коронавирус инфекциясы тіркелген жоқ

О баста жылдам таралған жұқпалы дерт дүйім жұртты дүрліктіргені рас.

Себебі бұрын-соңды естімеген, көрмеген аурудан кімде болса сескенетіні сөзсіз ғой. Бірақ отандық ғалымдар мен дәрігерлер жағдайдың қатаң бақылауда екенін мәлімдеді. Сондықтан алаңдауға еш себеп жоқ. Ал Қытайдан әкелінген азаматтардан күдікті белгілер анықталмады. Олардың денсаулығы тұрақты.

Ал лайнерден түсірілген 4 азамат карантинге жатқызылды. Енді әрі қарай не болады? Бұл ауру қашан ауыздықталады?

Қазір вирусқа шалдыққан 33 ел дертіне дауа іздеп даурығып жатыр. Ал қалған мемлекеттер жұқтырмаудың жолын іздеп жанталасып жүр. Ауру айналып өткен елдердің ішінде Қазақстан да бар. Дегенмен сақтық шаралары әлі де жалғасады. Себебі қысқа уақыт аралығында шартарапты шарлаған індет 2 700 адамның өмірін жалмап үлгерді.

Жақсылық Досқалиев, медицина ғылымдарының докторы:

- Демек, қайтыс болған адамның саны өте көп. Бұл аурудың таралуы өте тез. Өйткені қазір барлық елге, құрлыққа таралып болды. Демек, бұл өте қатерлі инфекция. Осыған орай қазақстандықтарға инфекция шыққан елдерге бармауға кеңес беремін.

Рас, бұл – аурудан сақтанудың бір жолы. Себебі адаммен бірге инфекция да шетел асып жатыр. Мамандар қазір коронавирустің әлсірегенін айтады. Есесіне таралуын жеделдетіпті. Себебі кез келген ортаға бейімделе алатын қабілеті бар көрінеді.

Рафаил Розенсон, медицина ғылымдарының докторы:

- Өте жылдам таралатын ауруға төтеп беру қиын. Десе де, оның ірі көлемде Қазақстанға ағылуының алдын алуға болады. Ол үшін әуежай және теміржол арқылы келетін адамдарды жіті тексерістен өткізу керек. Сондай-ақ елге тасымалданған тауарларды жіті бақылау қажет. Бірақ бірде-бір вирус келмейді деп нақты айту өте қиын.

Сондықтан мамандар сауда орталықтары мен адам көп шоғырланған орындарға бармауға және тазалықты қатаң сақтауға кеңес береді. Әзірше жұқпалы ауруға қалқан болар негізгі тәсіл осы. Ал ғалымдар: «Вирусқа тойтарыс беретін вакцина 3-4 айдың көлемінде пайда болады», – деп отыр. Оның үстіне коронавирус суық мезгілде құрғақ ауа арқылы тез таралады. Ал көктем келіп, күн жылынса, аурудың беті қайтады деген жағымды болжам тағы бар.

Алмас Шарман, профессор:

- Бұл індетке қарсы науқастарға дәрі-дәрмектер беріліп жатыр. Бірақ СПИД секілді басқа жұқпалы инфекциялардан айықтыратын препараттар пайдалануда. Бүгінде бірнеше компания нақты осы ауруды емдеуге бағытталған препараттарды шығарып жатыр. Сонымен қатар осы індеттен айыққан науқастар да бар.

Қазір вирустың ошағы саналатын Қытайға қатынауға тыйым салынды. Ал жұқпалы індет өршіп тұрған Жапония, Италия, Иран, Оңтүстік Корея мемлекеттеріне ұшатын рейс саны қысқартылды. Аталған елдерден келген азаматтар 14 күн бойы карантинде болып, өзгелерден оқшау ортада бақыланады.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Бекболат Базаров, Азамат Сәметов