Хабар телеарнасы

Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдіктердің саны қысқарды

Алғашқы кезде олардың саны 100 мың болатын. Кейін 63 мың, ал 2015 жылдан бастап 49 мыңға дейін азайды. Ал биыл елімізде еңбек ететін шетелдік жұмысшылар саны 29 мыңнан аспайды. Себебі оларға берілетін квота саны қысқартылды. 

Жуырда жүргізілген тексеріс шетелдік компаниялардың өз азаматтары үшін тым жоғары жалақы төлегенін, кей жағдайда біліміне сай емес қызмет атқарғанын көрсеткен.

25477 шетелдік Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат алыпты. Олардың 795-і компания басшысы мен орынбасары лауазымында. 5,5 мыңға жуық адам – бөлім жетекшісі. Мамандар қатары 14 мыңнан асады. Маусымдық жұмыс істеуге келгендер 3 мыңға жуықтаса, 1744 адам іссапармен уақытша жұмыс істеуге ниет танытқан.

Дема Карасничий – елімізде жүрген шетелдік жұмысшылардың бірі. Бұрыннан Қазақстанда жұмыс істеп жүрген ол биыл рұқсатын тағы да ұзартыпты. Жалақысы – 300 мың теңге.

Дема Красничий, шетелдік жұмысшы:

- Қазақстанға келіп жұмыс істегеніме 10 шақты жыл болды. Өзім Косваданмын. Компания жіберген соң тағы да осында келіп жұмыс істеп жатырмын. Қызметім – нысанның ішкі әрлеуіне жетекшілік ету.

Құрылыс – шетелдіктер еңбек ететін негізгі саланың бірі. Одан бөлек мұнай, тау-кен, ауыл шаруашылығы, тіпті ғылымда да сырттан келген адамдар отандастарымызбен бірге тер төгіп жүр.

Ерлан Райғаниев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комитет төрағасының орынбасары:

- Шетелдіктердің Қазақстанға келіп қызмет етуінің негізгі екі себебі бар. Біріншіден, біздің елде кей техникалық және ақпараттық сала мамандары жоқ. Компания оны сырттан іздеуге мәжбүр. Ал екінші жағы: инвестор бізге келгенде өз азаматтарының еңбек етуін қалайды. Келісім аясында белгілі мөлшерде оларға да рұсат беріледі.

Бірақ кей жұмыс берушілер: «Рұқсат еткен», – деп, теңсіздікке жол берген. Оған жуырда 95 ірі кәсіпорында жүргізілген тексеріс нәтижесі дәлел. Тек жалақы айырмашылығы бойынша 470 факт тіркелсе, көші-қон заңнамасына қатысты да заңбұзушылықтар анықталған. Осы және өзге де себепке байланысты 550 шетелдік еліне қайтарылды. Ал қазір жағдай барлық жерде тұрақталды. Жалпы қай компания болмасын, «мынау шетелдік, мынау қазақстандық» деп алалауына рұқсат жоқ.

Нұрболат Ергешев, қала тұрғыны:

- Шетелдіктермен жағдайымыз бірдей. Ешқандай кемшілік жоқ. Олармен бірдей жүреміз. Айлық та тең төленеді.

Айта кетейік, Қазақстанға келетін еңбек мигранттарының басым бөлігі: Қытай, Өзбекстан, Түркия, Үндістан, Ұлыбритания азаматтары. Рұқсат 3 жылға дейін берілуі мүмкін. Бір жыл сайын ұзартып отыруға міндетті.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Азамат Сәметов